“Бұл – тозақ”: Ресейдің атынан соғысып, тұтқынға түсіп қалған қазақстандықтар оқиғасын айтып берді

Ресейдің атынан соғысқа қатысып, кейін тұтқынға түскен қазақстандық азаматтарды Украина елі экстрадициялады. Алайда олардың алдағы тағдыры әлі де белгісіз. Соғысқа қалай тап болғандарын және бастан кешкен қиындықтарын жігіттердің өздері баяндады, деп хабарлайды POLITICO.KZ Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Олар "Хочу жить" Youtube-арнасына сұхбат берген.
"Наш выход" қоғамдық қозғалысы жариялаған мәліметте Украина босатқан тұтқындар арасында екі қазақстандық бар екені көрсетілген. Оның бірі — 23 жастағы Ерболат Ордабаев, Қостанай облысының Лисаковск қаласынан шыққан. Ерболаттың айтуынша, ол ақша табу үшін Ресейге жұмыс істеуге барған, бірақ әскери әрекеттерге қатысатынын күтпеген.
"Біздің қала өте шағын әрі дамымаған. Жастар жоқ, көбіне зейнеткерлер ғана қалған. Ақша тапшы, күн көру қиын. Анамның операциясына қаржы керек болды, сондықтан вахталық жұмысқа баруға шешім қабылдадым. Ресейге барған соң келісімшартқа қол қойдым, олар маған ақша жіберді. Сол кезде 'ВСБ' дегенге баратынымды айтты, бірақ оның не екенін түсіндірмеді. Мен қайда жіберсе, сонда барамын дедім. Анам бұл туралы мен тұтқынға түскен соң бір-ақ білді", – деді Ерболат.
Соғыс кезіндегі алғашқы естеліктерімен бөліскен Ерболаттың айтуынша, оларды ешқандай дайындықтан өткізбестен Лисичанск қаласына жіберген. "Бәрі өз бетімен жүрді. Тапсырмалар да түсініксіз болды. Танк минаға соғылып жарылды, артынан дрондар ұшты. Командир бізге жиналып кетуді бұйырды", – дейді ол. Ерболаттың көзі алдында бірнеше адам қаза тапқан. "Камикадзе дроны ұшып келді. Бір сәтте 300 адам көз жұмды. Бәрі жан-жаққа қашты. Командирдің жетонын алу керек болды, мен алып үлгердім. Жарылыс кезінде бір адамның аяғы жұлынып, екіншісінің қолы үзілді", – деп еске алды Ерболат. Ақырында ол тұтқынға түсті. "Көліктен жарық көрінді де, бір топ адам автоматпен шығып, бізді тұтқындады", – деді ол.
Ерболат елге оралғысы келгенімен, сотталудан қорқады. "Үйленіп, жұмыс істеп, ақша тапқым келеді. Бірақ соғысқа қатысқаным үшін сотталатынымды білмедім. Егер таңдау берілсе, Ресейге қайта барып соғысқаннан гөрі, елге оралып, түрмеде отырғанды жөн көремін", – деді ол.
Екінші тұтқын — 21 жастағы Шерхан Егімбердиев, Байқоңыр қаласынан. Оның айтуынша, Ресейге демалуға барып, достарымен ішімдік ішкен соң ұрлық жасап, полицейлерге ұсталған. "Бұрын ішімдік ішіп көрмеген едім, сондықтан масайып кеттім. Самокат ұрлап, бұзақылық жасадық. Соңында түрмеден қорқып, келісімшартқа қол қоюға мәжбүр болдым", – дейді ол. Шерхан тылда жұмыс істеймін деп үміттенген, алайда әскери дайындықтан өтіп, алғы шепке жіберілген. Бірінші тапсырмада жарақат алып, өлетінін ойлаған. "Терезеден жарылысты көргенде қатты қорықтым", – дейді ол.
Екінші операция кезінде тұтқынға түскен Шерхан басынан өткен қорқынышты сәттерді баяндады. "Құбыр астына тығылып, жанымдағы түлкі ініне жасырындым. Қаруымды тастап, граната лақтырылған соң қолға түстім", – деді ол. Тұтқынға алынған кезде жақсы қарағандарын айтты, алайда қазіргі кезде ұмытшақтық пен сөйлеу қиындығы байқалады. "Таяқ жеп, лас жерде өмір сүргеннен гөрі, түрмеде отырған әлдеқайда жақсы еді", – деді Шерхан. Ол өз өмірін қалыпқа келтіріп, ЖОО-ға түсуді және жаңа өмір бастауды армандайды. "Соғыс — ойыншық емес, бұл — тозақ. Оны өз басымнан өткердім", – деп ескертті ол.
Үшінші қазақстандық тұтқын — Марсель Гумалиев, Орынбор облысынан. Ол да қаржылық қиындықтарға байланысты келісімшартқа отырғанын айтты. "Ата-анам мен достарым қарсы болды. Бірақ Мәскеуде ұсынылған жалақы жақсы болған соң келісім бердім", – дейді Марсель. Бір апта штурмист курстарынан өтіп, Луганскіге жіберілген. Алғашқы ұрыс күні-ақ ауыр контузия алған. "Жүрегім айнып, басым қатты ауырды, аяғымнан да жарақат алдым", – дейді ол. Марсель де соғысқа барғанына өкініп, елге оралған соң наубайхана ашып, кәсіп бастағысы келетінін жеткізді.
Украина тарапы өз тұтқындарына елден кетуге рұқсат берсе, Ресей айырбасталған тұтқындарды үйлеріне жібермей, жақындарымен кездесуге де мүмкіндік бермейді. Бұл жайында тұтқындарға ресейлік еріктілер хабарлаған.
Соңғы жаңалықтар





