Челах мерзімінен бұрын бостандыққа шығу мүмкін бе?

Қазақстан қоғамы үшін Владислав Челахтың есімі әлі күнге дейін ауыр тақырып болып қала береді. 2012 жылы «Арқанкерген» шекара заставасындағы қанды қырғыннан кейін өмір бойына бас бостандығынан айырылған бұрынғы шекарашы қаңтар айының соңында мемлекет басшысына хат жазып, 11 жыл бұрынғы оқиғаға қатысты бүкіл ақиқатты айтуға дайын екенін мәлімдеген еді. Бұл үндеу қоғам назарын қайтадан осы іске бұрды.
Осыған орай Челахтың мүддесін қорғаған адвокат Гүлмира Шалдыкова да пікір білдіріп, оның шартты түрде мерзімінен бұрын босатылу мүмкіндігін жоққа шығармады.
Адвокаттың айтуынша, қазіргі заңнамадағы түзетулерге сәйкес, өмір бойына сотталғандар да шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға өтініш бере алады. Бұл өз кезегінде Челахтың ісін қайта қарауға, кем дегенде оның жағдайын жеңілдетуге жол ашуы ықтимал.
– Оның жазасын жеңілдететін кез келген нұсқа қолайлы. Тіпті бұл шартты түрде мерзімінен бұрын босату болса да. Себебі ол заңсыз түрмеде отыр. Шын мәнінде, осы жағдайлардың бәрінің құрбаны. Ол тек қырғыннан аман қалған адам ғана, – деді Шалдыкова ZTB арнасына берген сұхбатында.
Гүлмира Шалдыкова Челах ісімен қайта айналысуға қарсы еместігін де айтты. Оның пайымдауынша, бастапқы тергеу барысында көптеген күмәнді тұстар назардан тыс қалған.
– Менің 20 жылдық тәжірибем оның бұл қылмысқа қатысы жоқ екенін көрсетіп отыр. Ол ұсталған кезде "Мен бұл қылмысты жасаған жоқпын, қатысым жоқ" деп мәлімдеді. Өрт шығарылып, атыс болғанда ол шекара бекетінде болмаған. Бұл іс саясиланған, ҰҚК бақылауында болған, – деп мәлімдеді адвокат.
«Арқанкергендегі» қайғылы оқиға ел жадынан өше қойған жоқ. 15 шекарашы мен орманшының қаза табуы, ал тірі қалған жалғыз адамның қатаң жазаға тартылуы – бұл істі Қазақстандағы ең даулы қылмыстық істердің біріне айналдырды.
Челах қазір өмір бойғы жазасын өтеуде. Дегенмен оның президентке жазған хаты да, адвокаттың қазіргі мәлімдемесі де қоғамда жаңа сұрақтарды туғызуда.
Соңғы жаңалықтар





