Дәулет Мұқаев мандатынан айырылуы мүмкін

Дәулет Мұқаев мандатынан айырылуы мүмкін
12.09.2025 11:22
0
403
ашық дереккөз

Ардақ Назаровтың пленарлық отырыстағы даулы құттықтауынан соң Мәжілісте енді депутат Дәулет Мұқаевтың мәселесі қаралмақшы. Оның «Декретке миллионмен» атты курсы заңды тікелей бұзбаса да, көпшіліктің жалған схемаларға ұрынуына себеп болғаны парламент ішінде үлкен талқыға түсті, деп хабарлайды POLITICO.KZ Todayinfo агенттігіне сілтеме жасап.

Мәжілістегі дереккөздің айтуынша, Назаровтың оқиғасынан кейін депутаттық корпус арасында ішкі тексеріс басталған.

«Ол ұсынған курс заңды түрде бұрыс болмаса да, депутаттың қоғамдық беделі мен ықпалын пайдаланған ондаған әйел алаяқтыққа ұласқан әрекеттерге барды. Бұл парламенттің репутациясына ауыр соққы», – дейді дереккөз.

Ақтөбеде екі бухгалтер әйелге сот үкімі шықты. Олар ондаған жүкті әйелді жалған жеке кәсіпкерлік арқылы рәсімдеп, мемлекетке 100 миллион теңге шығын келтірген.

Сотталғандардың бірі, 39 жастағы Гауһар Өмербекова, бұған дейін Дәулет Мұқаевтың курсын оқығанын мойындап отыр. Осыған ұқсас басқа істерде де күдіктілер Мұқаевтың курсын «үлгі» ретінде атағаны белгілі болды.

Депутаттың өзі бұған дейін бірнеше рет «ешқашан заң бұзуға шақырмадым» деп мәлімдеген еді. Дереккөз Мұқаевтың мәселесі тек заңдық емес, депутаттық этика тұрғысынан қаралуы тиіс екенін алға тартып отыр.

«Әрине, формалды тұрғыда Дәулет кінәсіз. Бірақ оған өзіне деген халықтың сенімін ақтамады деген айып тағылуы мүмкін. Жұртты жаппай жалған схемаға итермелеген, тікелей Мұқаевтың көпшілік алдындағы абырой-беделі мен насихаты екені анық», – деп қосты Мәжілістегі дереккөз.

Мәжілісте Дәулет Мұқаевтың мәселесі арнайы талқыланып, оның депутаттық мандатының тағдыры да қарастырылуы мүмкін.

Енді ол Мәжіліс алдында өз бастамаларының жалған кәсіпкерлікті ынталандырмағанын дәлелдеуі тиіс. Депутаттың жауапкершілігі тек заң алдында ғана емес, моральдық тұрғыдан да бағаланбақ.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий