Танымал әнші 10 жылдан соң сахнаға қайта оралды
«Дауыс.International» тобының әншісі Жадыра Құтпанова ұзақ жылдық үзілістен кейін үлкен сахнаға қайта оралды. Өнер иесі көрерменімен қайта табысып, Jibek joly телеарнасының «Бүгін. Live» бағдарламасына қонақ болып, шығармашылықтағы жаңалықтарымен бөлісті, деп хабарлайды Politico.kz
Әншінің айтуынша, сахнаға қайта шығу ол үшін ерекше толқыныс сыйлаған.
«Он жылдан аса үзілістен кейін сахнаға қайта қадам бастым. Үлкен залға шығып, сонша халықты көргенде қатты толқыдым. Уақыт өте келе адам қайтадан қобалжиды екен», – деді Жадыра Құтпанова.
Бағдарлама барысында өнер иесі алдағы жоспарлары туралы да айтып, тыңдармандарын жаңа әндермен қуантатынын жеткізді. Ол шығармашылықтан қол үзбегенін, алайда сахнаға қайта оралу үшін уақыт қажет болғанын жасырмады.
Желі қолданушылары әншінің қайта оралуын жылы қабылдап, қолдау білдіріп жатыр. Көпшілік оның сырт келбеті мен дауыс мәнерін ерекше атап өтті.
«Әдемі қыз», «Дауысы жақсы, әсерлі әрі мағыналы әндер айтады», «Сахна сізді сағынған екен», – деп жазды оқырмандар.
Ұзақ үзілістен кейін сахнаға қайта шыққан Жадыра Құтпанованың бұл қадамы тыңдармандар үшін жағымды жаңалық болды. Өнер иесінің алдағы уақытта да жаңа туындыларымен көрерменін қуанта түсері анық.
Соңғы жаңалықтар