«Дикий Арман» үкімнің қайта қаралуын талап етті: Алматыда апелляциялық сот басталды

«Дикий Арман» үкімнің қайта қаралуын талап етті: Алматыда апелляциялық сот басталды
14.10.2025 13:01
0
290
Ашық дереккөз

14 қазан күні Алматыда Қаңтар оқиғасына байланысты іс бойынша апелляциялық шағымдарды қарау басталды. Бұған дейін осы іс бойынша«Дикий Арман» атымен танымал Арман Жұмагелдиев 20 жылға бас бостандығынан айырылған еді.

2025 жылдың 7 қаңтарында сот Қаңтар оқиғасына қатысты 44 айыпталушыға үкім шығарған болатын. Олардың арасында Дикий Арман, Алматы қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты Қайрат Құдайберген және ҰҚК-нің бесінші департаментінің экс-басшысы Руслан Искаков бар.

Сот шешімімен Арман Жұмагелдиев 20 жылға сотталды. Ол ұйымдасқан қылмыстық топ құрды, жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты және 24 адамды заңсыз бостандығынан айырды деп танылды. Қайрат Құдайбергенге 8 жыл, ал Руслан Искаковқа 15 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру және мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салу жазасы тағайындалды.

Сондай-ақ «Дикий Арманның» ұйымдасқан тобының 13 мүшесі 10 жылдан 15 жыл 6 айға дейін сотталды. Ал топқа қатысы жоқ деп танылған басқа айыпталушылар 1,5 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Кейбір сотталушылар уақытша ұстау изоляторында және үй қамауында өткізген мерзімі есепке алынып, сот залынан босатылған.

Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі Tengrinews.kz тілшісіне берген мәліметінде, 14 қазанда сотталғандардың апелляциялық шағымдарын қарау басталғанын хабарлады. Тыңдаулар жабық режимде өтіп жатыр, оған бұқаралық ақпарат құралдары мен тыңдаушылар қатыстырылмайды.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий