Домбыраның құлағында ойнайтын Чили азаматы көпшілікті таңғалдырды

Домбыраны шебер меңгерген Чилилік Андреа Луенго желі қолданушыларын тәнті етті, деп хабарлайды POLITICO.KZ Qazaqstan ұлттық арнасына сілтеме жасап.
Сантьяго қаласында тұратын, 30 жастағы мейірбике қазақтың ұлттық аспабына ерекше қызығушылық танытып, домбыраны өз бетінше үйреніп алған. Музыкаға жаны жақын Андреа бұған дейін гитара, укулеле және фортепианода ойнаған. Ал қос ішекті домбыраға деген сүйіспеншілігі әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің өнерін көргеннен кейін оянған.
Оның айтуынша, алғашында домбыраны бейнероликтен көріп, аса мән бермеген. Алайда Димаштың шығармашылығымен танысқан соң, қазақ мәдениетіне деген қызығушылығы артып, үш жыл бойы оның өнерін қадағалап жүріп, домбыра алдыруға бел буған. Андреа Чилиге тапсырыспен домбыра алдырту үшін екі ай күтеді. Қазір ол аспапта еркін ойнап, әлеуметтік желі арқылы қазақ мәдениетін таныстырып жүр.
Андреа Қазақстанға арнайы келіп, Димаштың концертін тамашалаған. Ел астанасы мен өңірлерді аралап, әсіресе Алматы қаласын туған жері Сантьягоға ұқсатыпты. Оның айтуынша, екі қаланың да таулы табиғаты мен атмосферасы ортақ. Сонымен қатар, Чилидегі жергілікті халықтардың мәдениеті мен қазақ дәстүрлері арасында ұқсастық бар екенін байқаған. Мысалы, олар да киіз үйге ұқсас баспаналарды қолданады, ал қазақ зергерлік бұйымдарын тағып көшеге шыққан күннің өзінде, ешкім таңғалмайды — себебі әшекей үлгілері де ұқсас.
Қазақ мәдениетіне ерекше қызығушылық танытқан Андреа енді қазақ тілін меңгеруді және болашақта сүйікті әншісі Димаш Құдайбергенмен кездесуді армандайды. Оның осы ниеті мен талпынысы әлеуметтік желіде кеңінен қолдау тауып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленуде.
Соңғы жаңалықтар





