Драматург: Абайдың 178 өлеңінің кемінде сегізі өзінікі емес
Тарихшы, режиссер-драматург Ерсайын Төлеубай Абайдың төл қолжазбалары кезінде Мұхтар Әуезовтің қолына түспегенін алға тартып, соның салдарынан бүгінде ұлы ақынның мұрасы ретінде танылып жүрген кейбір өлеңдердің іс жүзінде басқа авторларға тиесілі болуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы ол журналист Айнұр Асанбердіге берген сұқбатында айтты.
«Абай өлеңдерін жинақтау, жүйелеу мәселесіне келсек, біз әлі күнге дейін Абайды толық әрі дұрыс зерттей алмай келеміз. Егер тереңірек үңіліп, нақты зерттейтін болсақ, Абайдың 178 өлеңінің ішіндегі кем дегенде 18 өлеңі онікі емес екені анықталады. Тіпті, он сегізі болмаса да, ең құрығанда сегіз өлеңінің Абайға тән еместігіне илануға болады. Мұны толықтай дәлелдеп беруге де әзірмін. Кезінде бұл істің басында Мұхтар Әуезов жүрді ғой. Содан барып баяғы "мынау да Абайдікі, анау да Абайдікі" деген түсінік қалыптасты. Ол уақытта Шәкәрімнің есімі мүлдем аталмайтын, оның атын атауға тыйым салынған еді. Сондықтан көп өлең Абайдың атына жазылып кетті. Алғашқыда Мүрсейіт, Тұрағұлдар бастап, өлеңдерді жинақтап әкелгенде, Мұхтар Әуезовтің: "Сендер ананы да, мынаны да Абайдікі деп жинап әкеліп, Абайды көбікке айналдырмаңдаршы! Көп өлеңі бар екен деп Абай Абай болмайды. Міне, Абайдың өзінің негізгі өлеңдері" — деп, біраз мәтінді жыртып, алып тастағаны туралы дерек оның еңбектерінде сайрап тұр. "Қойыңдар" деп Әуезовтің өзі тыйым салған еді. Бірақ Әуезов өмірден өткеннен кейін, 1961 жылдан соң бұл мәтіндер қайтадан өңделіп, реттелді. Тек бертінде, 1990 жылдары ғана барып Шәкәрімнің мұрасы ортаға қосылды», — деді Ерсайын Төлеубай.
Сонымен қатар, ол Абай туындыларынан Шортанбай мен Әріп Тәңірбергеновтің, сондай-ақ Шәкәрімнің өзіндік өлең өрнектері мен қолтаңбасы анық байқалатынын алға тартты.
«Егер бүгін Абай поэзиясын таза ғылыми тұрғыдан оқып отырсаңыз, оның ішінен құлағы қалқиып Дулат Бабатайұлының сарындары, Шортанбайдың қолтаңбасы, Әріп Тәңірбергенов пен Шәкәрімнің өлең өрнектері анық көрініп тұрады. Олардың стилі мен сарыны айқын сезіледі. Кезінде Мұхтар Әуезов те: "Маған Абайдың ең алғашқы түпнұсқа қолжазбасын тауып беріңдерші", — деп дабыл қаққан болатын. Бірақ, өкінішке қарай, Абайдың өз қолымен жазылған төл қолжазбасы сақталмаған», — деді режиссер.
Осы ретте тарихшы бұл бағыттағы ізденістерді тоқтатпай, ақын мұрасын әлі де егжей-тегжейлі зерттей түсудің өзектілігін қадап айтты.
«Бұл ғылымды қашан зерттеп бітерімізді дөп басып айту қиын. Өйткені бұл — түбі көрінбейтін терең ғылым. Бір ғана текстология мәселесінің өзін алсақ, кезінде Қайым Мұхамедхановтар осы мұраны реттеген шақта зерттеудің ауқымы көл-көсір дарияға айналып кеткен еді. Оның үстіне, ол кісілердің өздері қуғын-сүргінді көргендіктен, Мұхамедхановтың көкірегінде, көңілінде айтылмай кеткен, іште кеткен небір құнды дүниелер мен құпиялар қалып қойды», — деді Ерсайын Төлеубай.
Соңғы жаңалықтар