Дубайда қазақ әйелдері бір-бірінің «тұсауын кесіп», желіде қызу талқыға түсті

Әлеуметтік желіде бір топ қазақ әйелдің Біріккен Араб Әмірліктерінде тұсаукесер рәсімін орындап жүрген видеосы тарап, қызу пікірталас тудырды. Көпшілік бұл әрекетті ұлттық дәстүрді бұрмалау деп бағалады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Видеода ақ көйлек киген бірнеше әйел жерге «Тәй-тәй» деген жазуы бар кілемше төсеп, бір-бірінің тобығына жіп байлатып, қайшымен қиғызып жатыр. Олардың бірі көзіне жас алған. Артқы фонда әнші Жазира Байырбекованың тұсаукесер әні ойнап тұр.
Желі қолданушылары бұл рәсімнің мәнін түсіне алмай, сынға алды:
«Осы жасқа келгенде мұндай рәсімді не үшін өткізеді?», «60-қа келгенде бір-ақ кеспедіңдер ме?», «Таңдау неге қоймадыңдар: таксист, банкир, музыкант дегендей...», «Ұят емес пе мұны видеоға түсіріп тарату?» — деген пікірлер жиі кездесті.
Айта кетейік, дәстүрлі қазақ тұсаукесері — сәби алғашқы қадамдарын жасағанда ғана орындалатын ерекше салт. Бұл — баланың өмір жолы ашық болсын, адал жүріп-тұрсын деген ниетпен жасалатын ғұрып. Алайда соңғы жылдары ересектердің «символикалық тұсаукесерлер» өткізуі жиілеп, бұл дәстүрдің мән-мағынасы бұрмаланып бара жатқанын көрсетеді.
Мамандар мұндай әрекеттерді шоуға айналдырмай, ұлттық құндылықтарға құрметпен қарауға шақырады.
Соңғы жаңалықтар





