Джеки Чан Қазақстанда: "Доспехи Бога 4" фильмінің Қазақстандағы түсірілімі басталды

15.06.2026 12:44 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Джеки Чан Қазақстанда:
126
Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

Әлемге әйгілі каскадер әрі актер Джеки Чан Қазақстанға табан тіреді. Дәл қазір Маңғыстаудың таңғажайып табиғатында атышулы «Доспехи Бога 4: Ультиматум» халықаралық кино жобасының түсірілімі қызу жүріп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Киногерлер мен 35 адамнан тұратын түсірілім тобы негізгі локация ретінде атақты Бозжыра шатқалын таңдаған. Маусым айының басында олар осы аймақта жұмыс істеп, фильмнің алғашқы әрі маңызды кадрларын таспалап үлгерді.

Бұл ауқымды жобаны отандық Sәlem Entertainment және Dala Edge Creative Tech Park компаниялары бірлесіп жүзеге асыруда.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай шығармашылық топ өкілдерімен арнайы кездесіп, бұл бастамаға жергілікті билік тарапынан толық қолдау көрсетілетінін жеткізді. 

"Маңғыстау киноиндустрия саласындағы ауқымды жобаларды жүзеге асыруға қолайлы өңір. Біз креативті экономиканы дамытуға, мәдени мұраны насихаттауға және өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған бастамаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Мұндай жобалар Маңғыстауды халықаралық деңгейде танытып, өңірдің әлеуетін кеңінен көрсетуге мүмкіндік береді", – деп атап өтті облыс әкімі.

Шынымен де, Қазақстанның бірегей ландшафты әлемдік экрандарда көрсетілуі – отандық туризм үшін үлкен жарнама. Миллиондаған көрермен фильмді көрген соң, табиғаты тылсым Маңғыстауға келуге құмартуы әбден мүмкін.

Кино түсіру тобының жоспары бойынша, Қазақстандағы түсірілім жұмыстары осы жылдың соңына дейін толық аяқталады.

Ал шытырман оқиғаға толы дайын туындыны көрермендер әлемдік прокаттан 2027 жылдың ақпан айында тамашалай алады.

Войдите, чтобы оставить комментарий