Джеки Чанның жаңа фильмі Маңғыстауда түсірілуі мүмкін

24.11.2025 11:37 Арман Ермеков
Джеки Чанның жаңа фильмі Маңғыстауда түсірілуі мүмкін
0
79
Фото: ашық дереккөз

Әлемдік деңгейдегі киножұлдыз Джеки Чан Маңғыстау өңірінде өзінің әйгілі франшизасын жалғастыруы ғажап емес. «Құдайдың сауыты 4: Ультиматум» (Доспехи Бога 4) жобасының шығармашылық тобы Ақтауға табан тіреді, деп хабарлайды Politico.kz.

Мамандар қазірдің өзінде іске кіріскен. Олар Маңғыстаудың табиғи ландшафты мен қалалық локацияларын жіті зерттеп, болашақ кадрлар үшін ең ұтымды жерлерді қарастыруда.

Сапар аясында түсірілім тобы Маңғыстау облысының әкімімен арнайы кездесу өткізді. Басқосу барысында ауқымды жобаны жүзеге асыруға қажетті ұйымдастыру мәселелері талқыланып, өңір тарапынан көрсетілуі мүмкін қолдау шаралары пысықталған.

Айта кетейік, 1986 жылы алғаш рет экранға жол тартқан «Құдайдың сауыты» картинасы Джеки Чанның фильмографиясындағы ең шоқтығы биік туындылардың бірі саналады. Араға ұзақ жылдар салып, культтік франшизаның қайта жандануы әлемдік киносүйер қауымның қызығушылығын тудырып отыр. Жаңа бөлімнің режиссерлік тізгінін Роберт Кун ұстайды деп күтілуде.

Дегенмен, жобаның тағдыры әлі түпкілікті шешілген жоқ. Егер тараптар ортақ мәмілеге келіп, жоба толық мақұлданса, Маңғыстау жері әлемдік кинематография тарихының бір бөлшегіне айналмақ. Бұл өңірдің ірі халықаралық экшн-фильмде көрініс тауып, туристік әлеуетін арттыруға таптырмас мүмкіндік болғалы тұр.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий