"Егер сіздер болмағанда, тірі қалмас едім": Қарағандыда ұландықтар балықшыны құтқарып қалды

16.10.2025 18:19
0
80

Қарағандыда ұландықтар қайығы жарылып, суға батып бара жатқан ер адамды құтқарып қалды. Бұл туралы POLITICO.KZ хабарлайды ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметіне сілтеме жасап

 

Ведомствоның мәліметінше, "Орталық" өңірлік қолбасшылығының Әскери полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Берік Сүлейменов пен 6505 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, ефрейтор Әли Шакенов қызметтік міндетін орындау барысында ерлік көрсеткен.

Олар Қарағанды қаласындағы Новорадская көшесі бойымен Бұқпа көлі маңынан өтіп бара жатқан кезде суға батып бара жатқан балықшыны байқап қалған.

Белгілі болғандай оның қайығы жарылып, көлдің ортасында бата бастаған. Ұландықтар еш ойланбастан көлікті тоқтатып, автокөліктің тросын суға лақтырып, ер адамды жағаға тартып шығарып алған.

"Біз оны жағаға шығарып алған сәтте әбден тоңып қалған еді. Сондықтан шұғыл түрде жылыту қажет болды. Дереу киімін шешуге көмектестік, көлікке отырғызып, жылытқышты қосып, жағдайын бақылай бастадық. Медициналық көмек көрсетуді ұсынғанымызда, ол өзін жақсы сезінетінін айтып, үйіне жеткізіп салуымызды сұрады", - деді Әли Шакенов.

"Мен айқайладым, бірақ ешкім келген жоқ. Егер сіздер болмағанда, тірі қалмас едім", - дейді ол.

"Бұл оқиға – Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мен сарбаздарының кез келген сәтте көмекке келуге және төтенше жағдайларда батыл әрекет етуге әрдайым дайын екенін көрсететін жарқын үлгі. Өз іс-әрекеттерімен олар батырлықты, кәсіби шеберлікті және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге деген адалдықты көрсетті", - делінген хабарламада.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий