Екі қызды зорлағаны үшін сотталған жігіттің жаза мерзімі ұзартылды
Павлодар облысында екі жасөспірім қызға қатысты қылмысы үшін түрмеге түскен жігіт тағы да сот алдында жауап берді. Бұл жолы оған түрме қызметкерлерінің талабына бағынбағаны үшін қосымша жаза тағайындалды, деп хабарлайды Politico.kz «ИРБИС TV» телеарнасына сілтемемен.
Оқиға 2023 жылдан басталады. Сол жылдың қыркүйегінде 20 жастағы жігіт Екібастұзда апалы-сіңлілі екі қызды зорлағаны үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылған. Жәбірленушілердің бірі 8 жаста, екіншісі 13 жаста болған. Ал сотталған жігіт қылмыс жасаған кезде өзі де кәмелетке толмаған.
Сот үкімінен кейін ол №46 түзеу мекемесіне жіберілген. Алайда түрме әкімшілігінің талаптарын жиі бұзған. Сот құжаттарына қарағанда, жігіт сақал-мұртын алудан бас тартып, кезекшілік кезінде баяндама жасағысы келмеген.
Ал 2026 жылдың наурызында жағдай тіпті ушыққан. Түрме қызметкерлері тыйым салынған заттарды іздеу үшін сотталғандар жатқан бөлмелерді тексерген. Бірақ жігіт олардың талабына бағынбаған.
– Таңертеңгі тексеруден кейін әріптестеріммен бірге жазасын қатаң жағдайда өтеп жатқан сотталғандардың бөлімшесіне тінту жүргізуге бардық. Алдымен бөлмелерді тексердік, кейін сотталғандардың әрқайсысын жеке қарадық. Олар ішкиіміне дейін шешінуі керек еді. Бірақ сотталған К. бұл талапты орындаудан бас тартып, ашуға мінді, – деген №46 мекеменің жедел бөлім бастығының орынбасары Қайыров сотта.
Осы оқиғадан кейін сотталған азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Павлодардың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты іс материалдарын, сотталушының мінездемесін және куәгерлердің айғақтарын зерттеп, оның кінәсі дәлелденді деген шешімге келген.
Нәтижесінде жігіттің жаза мерзіміне тағы 1 жыл 6 ай қосылды. Енді ол жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемесінде өтейді.
Соңғы жаңалықтар