«Тірімін!»: Қазақстан іздеу салған Меллстрой бір айдан кейін аяқ астынан пайда болды
Беларусьтік стример Андрей Бурим, жұртқа Меллстрой атымен танылған блогер, бір айдан астам уақыт үнсіздіктен кейін әлеуметтік желіде қайта көрінді. Ол Instagram парақшасында бір ғана сөз жазылған қысқа видео жариялады. Алайда осы уақыт аралығында не болғанын түсіндірмеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Меллстрой Instagram-дағы видеосында «Живой» («Тірімін») деген сөзді ғана айтты. Жазбада ешқандай қосымша түсініктеме жоқ.
Стример полицияның өзін ұстаған-ұстамағанын, қазір қайда жүргенін және неліктен ұзақ уақыт бойы байланысқа шықпағанын ашып айтпады. Бұл – оның қыркүйек айының соңында жариялаған мәлімдемесінен кейінгі алғашқы хабарламасы.
30 қыркүйекке қараған түні Буримнің Telegram-арнасында қараңғы жерде түсірілген видео пайда болды.
«Мені Қазақстанның сұрауы бойынша полиция тапты. Мен қазір…» деп бастаған блогер сөзін аяқтай алмады. Көп ұзамай видео өшіріліп, Меллстрой әлеуметтік желілерде үнсіз қалды.
Осыдан кейін интернетте оның тағдырына қатысты түрлі қауесет тарады. Бірі блогердің Кипрде ұсталғанын айтса, енді бірі ауруханаға түскенін, тіпті қайтыс болғанын жазды. Алайда оның ұсталғаны немесе Қазақстанға экстрадицияланғаны туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.
Қазақстан Меллстройды не үшін іздеп жүр?
Андрей Бурим Қазақстанда 2025 жылдың қараша айынан бері іздеуде жүр. Қаржылық мониторинг агенттігі оны қазақстандық қолданушыларға да бағытталған Mellstroy.game онлайн-казиносының ауқымды жарнамалық науқанын ұйымдастырды деп айыптайды.
Сот блогерді сырттай қамауға алу туралы санкция берген. Осыдан кейін ол халықаралық іздеуге жарияланған.
2025 жылдың желтоқсанында Меллстройдың өзі Қазақстанның сұрауы бойынша іздеуге байланысты Кипрден кете алмай жүргенін мәлімдеген еді.
Қазіргі уақытта блогердің нақты қайда екені туралы Қазақстанның құзырлы органдары ресми түсініктеме берген жоқ.
Соңғы жаңалықтар