Астанада әйелді екі баласының көзінше өлтірген ер адам есі дұрыс емес деп танылды
Астанада құмар ойынға салынған танысымен байланысын үзбек болған әйелді екі баласының көзінше өлтіріп, артынша 25 қабаттан секіріп аман қалған ер адамды сарапшылар есі дұрыс емес деп тапты,деп хабарлайды Politico.kz порталы Informburo.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға өткен жылдың маусым айында болған. 31 жастағы Сания Алимжанова өзімен қарым-қатынаста болған Ержан Иманқұловтың лудоман екенін және 10 миллион теңге қарызы барын білген соң онымен кездесуді тоқтатпақ болады. Алайда ер адам оған келіп, 7 және 10 жастағы екі баласының алдында ұрып соғып, пышақтап өлтіріп кеткен. Осыдан кейін ол 25 қабаттан секірсе де тірі қалды.
Қазіргі уақытта қорғаушылар биіктен құлау салдарынан ер адамның ақыл-есі кеміп қалғанын алға тартып отыр. Психиатрлар оны есі дұрыс емес деп танығанымен, жәбірленуші тарап бұл қорытындымен мүлдем келіспейді.
«Жәбірленуші тарап бұл тұжырымды негізсіз деп санайды және Иманқұловтың психикасы сау екеніне сенімді. Ол қылмыстық жауапкершіліктен жалтару үшін ауру болып көрініп отыр, сондықтан сот алдында жауап беріп, тиісті жазасын алуы керек», – деді адвокат Асылбек Исмағамбетов.
Сот барысында тұрғын үй кешеніндегі бейнебақылау камераларының тек екеуі ғана іске тіркелгені белгілі болды.
«Кіреберістен екі камера алынды, ал қалған бейнетаспаларды тексеру жүргізілген жоқ, себебі жедел уәкіл күдіктінің басқа жерлерде жүргені байқалмағанын хабарлады», – деді істі жүргізген аға тергеуші Бибігүл Жұмабаева.
Жәбірленушілердің қорғаушылары қайта сараптама тағайындауды сұрағанымен, судья Айжан Құлбаева өтініштен бас тартты. Ол сотталушының ауруы өзіне немесе басқаларға қауіп төндіретінін және оған қандай медициналық шара қолдану керектігін осы іс аясында анықтау жеткілікті екенін мәлімдеді.
Марқұмның сіңлісі Алуа Сайдалина күдіктінің әрекеті күдік тудыратынын жеткізді.
«Оның дәл сол күнгі оқиғаны ұмытып қалуы өте күмәнді. Ол туған кездегі салмағын, бұрынғы әйелін және телефон нөмірін жақсы біледі, тіпті өзін 101 баппен соттауды сұрап отыр. Психикасы сау емес адам мұндай сөздер айтпайды», – деді марқұмның сіңлісі.
Ержан Иманқұловтың қылмыс жасаған сәтте есі дұрыс болған немесе болмағаны алдағы сот отырыстарында шешіледі. Егер оның сау екені дәлелденсе, ол түрме жазасына кесілуі мүмкін.
Айта кетейік, бұл істі қарап жатқан судья Айжан Құлбаева бұған дейін Қуандық Бишімбаев, Абылай Мырзахметов, Нұржан Әлтаев және Махамбет Абжан сияқты адамдарға қатысты процестер бойынша үкім шығарған.
Соңғы жаңалықтар