Экономист Элина Рыбакова: «Ресейде енді пайда таппайсың»

Экономист Элина Рыбакова: «Ресейде енді пайда таппайсың»
12.03.2025 11:06
1
397
Фото: piie.com
Ресей нарығы инвесторлар үшін қауіп-қатерге толы – экономист пікірі

Америкалық компанияларға АҚШ пен Ресей қарым-қатынасының жақсаруы үлкен мүмкіндік бермейді, өйткені Ресей нарығы қазір өте жоғары тәуекелдерге толы, деп хабарлайды POLITICO.KZ The Financial Times басылымына сілтеме жасап.

Мақала авторы Петерсон халықаралық экономика институтының тұрақты емес (non-resident) аға ғылыми қызметкері және Киев экономика мектебінің халықаралық қатынастар бағдарламасының директоры Элина Рыбакова.

minfin.com.ua

Америкалық компанияларға АҚШ пен Мәскеу арасындағы ықтимал «жылымық» Ресейде бизнес жүргізуді жеңілдетеді деп үміттенудің қажеті жоқ.

Жуырда АҚШ-та Ресеймен қатынас жақсарған жағдайда америкалық компанияларға қандай мүмкіндіктер ашылуы мүмкін деген мәселе талқыланды.

Алайда қазір Ресей экономикасы дағдарысқа жақын стагнация жағдайында тұр. Санкцияларды жұмсарту шаралары қабылданған күннің өзінде, АҚШ-та төрт жылдан кейін билік ауысса, бұл жеңілдіктердің күші жойылып кетуі ықтимал. Сонымен қатар жаппай мемлекеттік компаниялар тарапынан активтерді басып алу (экспроприация) және инвесторлардың құқықтарына төнетін қауіптер Ресейге инвестиция салуды тәуекелі жоғары, болашағы бұлыңғыр бағытқа айналдырып отыр.

Кейбір инвесторлар 1999 жылдан 2008 жылға дейінгі «алтын кезеңді» еске алады: ол кезде шикізат бағасы шарықтап, кірістілік аса жоғары болды. Мұнай бағасы 1998 жылы барреліне 11 доллардан 10 жыл ішінде 133 долларға дейін өскендіктен, саяси тәуекелдер инвесторларға ақталатындай болып көрінді.

Бұл кезең АҚШ-та мұнай тұтыну рекордтық деңгейге жеткен уақытпен тұспа-тұс келді. Сол кезде АҚШ әлемдегі ең ірі мұнай импорттаушы еді, ал Ресей өз қажеттілігін өзі қамтамасыз ететін, Еуроодақ болса ресейлік газға тәуелді болды.

Алайда 2014 жылға қарай АҚШ-та мұнайға деген импорт көлемі 20 жылдағы ең төменгі деңгейге түсті. Бұған сұраныстың азаюы мен сланец мұнайын өндірудегі технологиялық серпіліс әсер етті.

Сол уақытта АҚШ-тың мұнай экспортындағы көрсеткіштері күрт өсті, ал табиғи газ өндірісінде АҚШ Ресейден озып, Еуропа нарығында Ресейдің бәсекелесіне айналды. Ресейде шикізат бағасының өсуі олигархтар мен мемлекеттік компаниялардың қалтасын қалыңдатып, бюджет кірісін арттырып қана қоймай, жалақының едәуір көтерілуіне жол ашты.

2000-жылдары ресейліктердің нақты табысы жыл сайын екі таңбалы пайыздық қарқынмен өсіп, батыстық тауарларды, соның ішінде америкалық компаниялардың өнімдерін белсенді тұтынатын төлемге қабілетті орта тап қалыптасты.

Ресей нарығында белсенді бизнес жасап жатқан америкалық компанияларға ілесіп, америкалық банктер де Ресейге сақтықпен кіре бастады. Олар ресейлік корпорациялармен бірлесіп жұмыс істеді. Портфельдік инвесторлар да дамушы нарықтардың жылдам өсімінен пайда көрді. 2012 жылы мұнай бағасы тұрақталған кезде Ресей үкіметі мемлекеттік облигациялар нарығын шетелдік инвесторларға жеңілдетуді қолға алды.

Рубль сол уақытта салыстырмалы түрде тұрақты болып, дамушы нарықтардағы ең танымал валюталардың біріне айналды.

Алайда ұзақ мерзімді экономикалық өсімнен кейін күшейе түскен Ресей билігі инвесторларға барған сайын қатаң шектеулер қоя бастады. Бұған «ЮКОС»-ты басып алу, Сергей Магнитскийдің қазасы, IKEA-ға қатысты ресейлік шенеуніктер тарапынан жасалған қысым, ТНК-BP компаниясының жергілікті серіктестермен қақтығысы және Telenor-дың мәжбүрлі түрде кетуі сияқты оқиғалар дәлел.

Кейбір шетелдік банктер де Ресейдегі күмәнді қаржы айла-шарғыларына тартылып қалды.

2022 жылдан бастап шетелдік компанияларға қысым одан әрі күшейді. АҚШ бизнесінің Ресейде жоғалтқан қаражаты 45 миллиард доллардан асты, ал халықаралық компаниялардың жалпы шығыны 170 миллиард долларға жетті.

Бүгінгі таңда Ресейдің экономикалық өсімі ең алдымен әскери-өнеркәсіптік кешеннің есебінен жүріп жатыр, ал басқа салалар тұралап қалған. Ресейдің өз қорғаныс индустриясына АҚШ-ты араластыруы мүмкін емес деуге болады.

Алайда бұл сектордың өзі жоғары пайыздық мөлшерлемелер, жұмыс күшінің жетіспеушілігі мен экспорт кірісінің азаюы сияқты қиындықтарға тап болуда. Ресей энергия көздерін Еуропаға сатуды жалғастырғысы келеді, бірақ бұл үрдісте АҚШ-тың қандай рөл атқаратыны әлі анық емес.

Санкциялар мен қаржылық шығындардың ұзақмерзімді салдары бар. Төрт жылдан кейін АҚШ-та демократтар қайта билікке келсе, санкцияларды қайтадан қатаңдатып жібермейтініне еш кепіл жоқ, бұл тағы да миллиардтаған доллар шығынға әкелуі мүмкін.

Комплаенс қызметінің (заңдық сәйкестік) басшылары мен акционерлер таяудағы үлкен шығындарды ұмытпайды. Сол себепті көптеген компаниялар директорлар кеңесін Ресейге қайта оралудың дұрыстығына көндіре алмауы әбден мүмкін. Бұл, әсіресе, Ресей нарығындағы активтерінен миллиардтаған шығынға ұшыраған америкалық инвестициялық қорларға да қатысты. Олар әлі күнге дейін не себепті америкалықтардың зейнетақы жинақтарын ресейлік экономикаға салып, сол арқылы соғыс машинасын қолдағанын түсіндіріп әлек.

Сонымен қатар Ресей қарсы санкциялар енгізіп, нарыққа қайта кіру үшін енді Владимир Путиннің жеке рұқсатын қажет ететін тәртіп орнатты.

АҚШ-та Ресейге инвестиция жасамаудың салдары туралы алаңдайтындар бар. Дегенмен тіпті Ресейдің ең ірі сауда серіктесі саналатын Қытай да бұл нарықтан зор пайда көріп отырған жоқ. Қытай компаниялары көбіне тауар экспорттаумен шектеліп, Ресейдегі көптеген инвестициялық жобаларды уақытша тоқтатты.

Мұның себебін америкалық санкцияларды бұзудан қашқақтаумен түсіндіруге болады. Бірақ қытайлық инвесторлардың өзі Ресейде орын алған бюрократиялық кедергілер мен заң үстемдігінің (құқықтық кепілдің) болмауын негізгі тосқауыл ретінде атап көрсетеді.

Кейбір компаниялар Ресейден шығып кетуін кешіктіруі мүмкін, ал ең алғыр бизнесмендер АҚШ пен Ресей арасындағы қарым-қатынастың уақытша жылуын өз активтерін түбегейлі жабуға пайдаланады.

Алайда америкалық компаниялардың Ресейге жаппай қайта оралуы неғайбыл. Үздік дегенде, мұнай-газ саласының шеткі қызметтеріне араласу немесе тұтынушы тауарларын сатудың жеке-жеке әрекеттері ғана болуы мүмкін.

Қазіргі жағдайда Ресей мұнай бизнесіне инвестиция салу аса жоғары тәуекелді болып тұр. Жақын болашақта ірі америкалық компаниялардың Ресейге қайта келетініне сену қиын.

Пікірлер (1)
    Дастан Жолдас 2025-03-12 15:58
    test
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий