Алматыдағы 12 жасар баланың өлімі: 13-тегі күдікті арнайы мекемеге қамалды
Алматы қаласының Түрксіб ауданында 12 жастағы Абылайхан Ержанұлының қаза болуына байланысты арнайы тергеу тобы құрылды. Оқиға осы жылдың 10 маусымында болған, деп хабарлайды Politico.kz.
Кәмелетке толмаған күдікті қазір ұсталып, арнайы мекемеге орналастырылды. Марқұмға тоғыз рет пышақ жарақаты салынғаны белгілі болды.
Алматы қаласы Полиция департаментінің өкілі Салтанат Әзірбек бұл іске қатысты мәлімдеме жасады. Оның сөзіне қарағанда, сотқа дейінгі тергеу аясында барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр.
Оқиға орны мен оның маңындағы бейнебақылау камераларының жазбалары іс материалдарына тіркелді. Сонымен қатар оқиғаның мән-жайын анықтауға көмектесетін өзге де цифрлық деректер зерттелуде.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, марқұм күдіктінің үйіне өзара келіспеушілікті шешу үшін барған. Бұл туралы бейнежазбалар мен хат алмасу деректері растайды.
Қазіргі уақытта полиция барлық нұсқалар мен болжамдарды мұқият тексеріп жатыр. Жәбірленуші тарапқа қылмыстық істің барысы толық түсіндірілді.
Адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысы қалалық полиция басшылығының ерекше бақылауына алынған.
Қылмысқа күдікті ретінде ұсталған жасөспірім 13 жаста. Қаза болған баланың туыстары оның жасына байланысты жауапкершіліктен жалтаруы мүмкін екеніне алаңдайды.
Салтанат Әзірбек тұрғындарды тек ресми ақпаратқа сенуге шақырды.
Соңғы жаңалықтар