Экс-депутат Перуашевқа ауыр айып тағылды: бұрынғы қызметкер не деді?
Желіде өзін «Ақ жол» партиясының бұрынғы қызметкері ретінде таныстырған әйелдің жазбасы пайда болды. Ол Азат Перуашевты тиісу, жыныстық қысым көрсету және қорқыту әрекеттері бойынша айыптады. Перуашевтің өзі барлық айыптауларды жалған деп атап, құқық қорғау органдарына жүгінетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Материал қазақстандық танымал басылымның атын жамылған сайтта жарияланған. Алайда аталған бұқаралық ақпарат құралының ресми сайтында мұндай жарияланым жоқ. Іздеу жүйесінен де материалды негізгі кілт сөздер арқылы табу мүмкін емес.
Оқиға кейіпкері «Ақ жол» партиясында 2022 жылдан бері қызмет еткенін алға тартады. Оның айтуынша, 2024 жылы Перуашев оған жеке сипаттағы ишаралар жасап, кейіннен келісімінсіз қол тигізе бастаған. Жұмыстан тыс уақытта кездесуден бас тартқан кезде, оған жүктелетін тапсырмалар мен қосымша жұмыс сағаты көбейген көрінеді. Кейінірек әйел Перуашевпен жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүр болғанын айтады.
Сондай-ақ бұрынғы қызметкер партиядағы өзге де әйелдер осындай жағдайларды айтқанын мәлімдеді. Оның сөзінше, 2026 жылдың көктемінде қызметкерлердің бірі жүкті болып қалып, содан кейін «Ақ жолда» дүрбелең басталған. Ол партия төрағасының ауысуын осы оқиғамен байланыстырады.
Азат Перуашев тағылған айыптардың барлығын жоққа шығарды. Ол аталған материалдың сілтемесін 10–15 минуттың ішінде 20-дан астам бейтаныс нөмірден алғанын айтты.
«Мұндай арандатушылықтардың мүлдем жалған әрі негізсіз екенін ресми түрде мәлімдеймін», - деп жазды ол.
Перуашев мәлімдегендей, ол ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау үшін құқық қорғау органдарына арыздануды және жарияланым авторларын жауапкершілікке тартуды талап етпек.
Соңғы жаңалықтар