Экс-министр Нұрлан Байбазаров «Самұрық-Қазына» басшылығына қайта оралды

06.05.2026 10:20 Арман Ермеков
Экс-министр Нұрлан Байбазаров «Самұрық-Қазына» басшылығына қайта оралды
1166
Фото: Aqorda.kz

Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров араға уақыт салып «Самұрық-Қазына» қорының директорлар кеңесіне қайта мүше болды, деп хабарлайды Politico.kz.

Қазақстан қор биржасының (KASE) ресми сайтында жарияланғандай, бұл шешімді 24 сәуір күні қордың жалғыз акционері саналатын Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті қабылдаған. Осы құрылымдық өзгерістерден кейін Үкімет басшысы Олжас Бектенов төрағалық ететін директорлар кеңесінің құрамы сегіз адамға жетті.

Айта кетейік, биылғы жылдың 25 наурызында Алматы қаласының бұрынғы әкімі Ерболат Досаев Президент әкімшілігіндегі қызметінен және «Самұрық-Қазына» құрамынан босатылған күні, Нұрлан Байбазаров Мемлекет басшысының экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды. Оған дейін ол Президент әкімшілігінің Инвестициялар және сауда бөлімін басқарған еді.

Байбазаров бұған дейін де аталмыш қордың директорлар кеңесінде болған, алайда 2024 жылдың қазан айында тағайындалғанына сегіз ай өткен соң құрамнан шығарылған. Жалпы экс-министр 2024 жылдың ақпанынан желтоқсанына дейін Премьер-Министрдің орынбасары әрі Ұлттық экономика министрі лауазымын атқарып, кейін қызметінен кеткен.

Оның еңбек жолы 1997 жылы Қаржы министрлігі қабырғасында басталып, әр жылдары «Қазақстанның Даму Банкі», «Өнеркәсіпті дамыту қоры» және «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі сияқты ірі қаржы ұйымдарының тізгінін ұстаған.

Войдите, чтобы оставить комментарий