Еліміздегі құдалық тойларда тым ерсі әрекет пайда болған

Журналист Гүлмира Әбіқай қыз артынан апаратын киімдерді жалға алатын әдет пайда болғанын айтты, деп хабарлайды POLITICO.KZ Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.
«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар демекші, осы кеткен қыздың артынан жөнсіз киім апаруды қою керек сынды. 4 мезгілге 4 түрлі киімді қызыңыз киіп үлгермейді, жас келін жүкті болады, өлшемі өзгереді. Баласын емшектен шығарып, кештерге қайта барамын дегенше бұл көйлек-көншек сәннен қалады», - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ол онсыз да ұзатуды кредитке жасап, артынан қарызданып-қауғаланып киім апару түкке қажет емес деп санайды. Ал табысы мол, өзін-өзі асырап жатқан қызға ерік берсе әбес емес.
Оның пікірінше жас келінді сынамай, жаңа жұрты киімін жаңартып, күйеуі тозғанын бүтіндеуі парыз.
«Артынан киім әкелмеді, әкелген киімінің сиқын қара деп кінәлайтын ата-ене оригинал бренд топтамасын апарсаңыз да ілік табады. Мәселенің бәрі киімде емес, қарап тұрсаң тым ерсі әрі ысырап. Қыздың кроссовкиі төрде отырған 6 кемпірге түк қажет емес, мысалы. Киімі бар болсын, жоқ болсын, келінді киіміне емес, ибалы мінезіне қарап бағалаймыз!», - дейді Әбіқай.
Ол соңғы кезде үйіп-төгіп қыз артынан апаратын киімдерді уақытша жалға алатын әдет пайда болғанын атап өтті.
«Құдалық біткен соң, этикеткасы бүлінбеген киімдерді қайтадан өткізе салады. Мұндай көзбояушылық кімге қажет, содан екі жас бақытты болып кете ме?», - деп ой тастады журналист.
Соңғы жаңалықтар





