Енді бәрі жоқ, енді бәрі тоқтады – Ердос Қанаев

02.11.2025 12:56 Берік Арманов
Енді бәрі жоқ, енді бәрі тоқтады – Ердос Қанаев
0
384

Жақында әкесінен айырылған "Жігіттер" тобының мүшесі Ердос Қанаев әкесінің қазасы қиынға соққанын айтып, шарасыз күйде екенін жеткізді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

"Ей, дүние! Енді сенде менің асқар тау Әкем жоқ. Сен соныңмен жалғансың. Ей, ақырет! Енді сен асқартау Әкеме хайырлы тұрақ бол! Сен соныңмен ақиқатсың. Ішімде содай шарасыздық тұр. Әкеден айырылудың мұндай қиын екенін білсем де, ешқашан СЕЗІП көрмеп едім. Бұл күнде орнады.
"Тауым шағылды" - деген сөздің мәнісін енді түсінгендеймін. Әкең өлсе тауың шағылғанмен бірдей екен ғой. Артыма қарасам қорғаным құлағандай.
Әкемнің көңіліне тиіп кетпесін деп, көшенің жағымсыз әнгімесін айтпаушы едім, тәттісін әкем жесін деп тамаққа ешқашан бірінші қол созбаушы едім. Әкем ұзақ өмір сүрсінші деп емдетуші едім. Бізді асыраймын деп тарихтың қатпар парақтарындай болған қолын сүюші едім, балаларым ешкімге қол созып қалмасын деп дүниенің соқтықпалы соқпақты жолдарымен жүрген аяғын уқалаушы едім. Енді бәрі жоқ, енді бәрі тоқтады. Құранда Алла бұйырғандай ата-ана-анаға жақсы сөз сөйлеңдер дегенге тек жақсы сөзімді айтушы едім. Ол екеуіне кішірейіп мархамет құшағын жай! - дегенге өзімді жоғары көріп, оларды өзімнен төмен көрмейтін едім. Олардың алдында кішірейіп,кішіпейіл болушы едім, мейірімімді төгетін едім. Жақсылыққа ең лайықты жандар екенін біліп шамам жеткенше жақсылығымды жасайтын едім. Ата-анамның алдында қожайынның алдында қателік істеп қойған құл секілді әрекет жасайтын едім. Құранда ата-анаға жақсылық жасауды өсиет етпесе де сау ақыл ол екеуіне қызмет қылу уәжіп екенін түсініп, парызымды шамам жеткенше өтейтін едім. Мен мына дүниенің патшасы едім, кімде-кімнің ата-анасы болса және соларға қызмет етуде өзін пида етіп жүрген болса ол адам осы дүниенің патшасы деген. Бірақ бұл жақсылығымның жартысынан айырылдым. Осы дүниеде өмірінің соңына дейін адал болып, саған әрдайым жанашыр болатын адам ол ата-анаң екен ғой. Бұрын ата-анам менің амандығымды сұрайтын. Кейін мен олардың амандығын сұраудан асқан бақыт жоқ екенін білдім. Жәннаттың тең жартысы әкенікі демекші, Жәннатқа кіру үшін әкең мен шешеңнің разылығы болу керек екенін үнемі жадымнан шығармайтын едім. Енді Жәннатымның бір есігі жабылды. Уа, Алла! Мен саған куәлік етемін. Әкем маған ең жақсы ӘКЕ болды.Ең жақсы тәрбиені берді.
Я, Әл-Ғафур, әкемнің күналарын кешір. Я, Әр Раззақ, Әкемнің ризығын Жәннат ет", - деді ол. 

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий