Енді жағдайы жақсы көпбалалы отбасыларға мемлекеттен көмек көрсетілмейді

Үкімет кулуарында Еңбек министрі Светлана Жақыпова елімізде жағдайы бар көпбалалы отбасыларға мемлекеттен қолдау көрсетпеу мәселесі қарастырылып жатқанын айтты, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
"Отбасының жан басына шаққандағы орташа кірісі – төрт айлық аралық минимумды құрайтын болса (шамамен 200 мың теңге), екі және одан да көп автокөлігі, екі және одан да көп жылжымайтын мүлкі бар отбасы – әлеуметтік жағдайы жоғары деп есептеліп, көпбалалы болса да біржолғы төлем алмайды. Мектеп формасы, сөмек, қағаз-қалам сынды қолдау көмектері берілмейді", - деп мәлімдеді Үкімет кулуарында Еңбек министрі.
Сондай-ақ, Жақыпова елдегі ең төменгі күнкөріс деңгейі жаңа әдістеме бойынша есептеліп жатқанын айтты.
"Өткен жылы Еңбек министрлігінде ең төменгі жалақыны есептеу әдістемесі әзірленді. Оның негізіне еңбек өнімділігі көрсеткіштері, жалақының медиандық мөлшері және сәйкесінше инфляция көрсеткіштері алынуы тиіс", – деді министр.
Оның айтуынша, есептеулермен үш институт айналысып жатыр, зерттеулер әлі аяқталған жоқ.
Соңғы жаңалықтар





