Ер адам ата-анасын өлтіргенін тікелей эфирде мойындады

АҚШ-тың Нью-Йорк штатында Лоренц Краус есімді тұрғын CBS6 телеарнасының тікелей эфирінде сегіз жыл бұрын ата-анасын өлтіргенін мойындады. Бұл туралы BILD басылымы хабарлады.
Краустың айтуынша, ол әкесін өз қолымен тұншықтырып өлтірген, ал анасын арқанмен буындырған. Телеарна жүргізушісі Грег Флойд «Ата-анаңыз өз өлімін сезді ме?» деген сұрағына, Краус:
«Иә. Барлығы жылдам өтті», – деп жауап берді.
Ол бұл әрекетін «мейірімділік мақсатында» жасағанын түсіндірді. Себебі, оның айтуынша, ата-анасы денсаулығына байланысты аса ауыр жағдайда өмір сүрген және өз-өзіне күтім жасай алмайтын күйде болған.
Соңғы уақытта Лоренц Краусқа қатысты алаяқтық күдігі туындаған. Тергеу барысында оның ата-анасының атынан әлеуметтік төлемдер олардың қайтыс болғанынан кейін де төленіп отырғаны белгілі болды.
Полиция отбасы үйінің ауласынан адам сүйектерін тапты. Алайда ресми айып тағылмай тұрып-ақ, Краус CBS6 телеарнасына хат жолдап, өзінің қылмысқа қатысы барын тұспалдап жеткізген. Кейіннен ол телеарнаға сұхбат беруге келісімін береді.
Сұхбат эфирге шыққаннан кейін, Краус бірден қамауға алынды. Оған ата-анасын өлтіргені және қаржылық алаяқтық жасағаны бойынша айыптар тағылды.
Алда АҚШ-та үлкен қоғамдық резонанс тудыратын сот процесі өтеді деп күтілуде.
Соңғы жаңалықтар





