Ер адам қызғаныштан сүйіктісі мен екі еркек отырған үйге өрт қойған
Солтүстік Қазақстан облысының Полтавка ауылында болған сұмдық өрт оқиғасы үш адамның өлімімен аяқталып, қасақана қылмыс екені анықталды. Өрттен кейін үй ішінен 58 жастағы әйелдің және 44 пен 46 жастағы екі ер адамның денесі табылған. Тергеу барысында марқұм әйелдің сүйіктісі күдікті ретінде ұсталып, сот оны 25 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды POLITICO.KZ Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.
Алдын ала мәлімет бойынша, 50 жастағы күдікті азаматтық некедегі әйелін қонақтағы ер адамдардан қызғанып, жанжалдан кейін үйге әдейі өрт қойған. Қайтыс болған ер адамдардың бірі – сол күні қонақта болған адам, ал екіншісі – марқұм әйелдің күйеу баласы. Өрт кезінде 35 жастағы әйел терезеден шығып үлгеріп, ауылдасының көмегімен аман қалған. Оның денесін күйік шалып, жарақат алғаны нақтыланды.
Оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 2-бөлігі бойынша (екі немесе одан көп адамды өлтіру) іс қозғалып, қылмыстың мән-жайын анықтау барысында әйелмен бірге тұрған жергілікті қойшы күдікті ретінде ұсталды. Іс Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер бойынша арнайы аралас ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен қаралды.
«Күдікті үйден шығып, іште адамдардың барын біле тұра, сүйіктісі мен ер адамды өлтіру үшін балтамен кіреберіс есікті тіреп қойған, содан кейін үйді өртеп жіберген», деді сотта судья Ерлан Нұршарыпов.
Алқабилер күдіктіні үш адамды қасақана өлтірген және тағы бір адамды өлтіруге әрекет жасады деп айыпты деп тапты. Сот айыпталушыны орта қауіпсіздік деңгейіндегі түзету мекемесінде 25 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Сонымен бірге, оның ішімдікке тәуелділігі бар екені анықталғандықтан, жазасын өтеу орнына міндетті түрде медициналық ем қабылдау шаралары тағайындалды. Судья сараптама нәтижесін негізге ала отырып, «ол ішімдіктен туындаған психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстардың созылмалы түрімен ауырады» деп атап өтті.
Сот жеке қаулы шығарып, Солтүстік Қазақстан облысының әкіміне өрт кезінде қызды құтқарған ауыл тұрғыны Саныевтың батырлығы туралы ақпаратты жеткізу міндетін жүктеді.
Соңғы жаңалықтар