Ер адам тірідей жерленген 20 күндік нәрестені тауып алды

Үндістанда 20 күндік қыз бала тірідей жерленген күйінде табылды. Қазір ол жаңа туғандарға арналған жансақтау бөлімінде жатыр, дәрігерлер оның өмірі үшін күресуде. Бұл туралы BBC жазды.
Жергілікті шопан ешкілерін бағып жүрген кезде әлсіз жылаған дыбысты естіп қалады. Жақындап қарағанда топырақ астынан шығып тұрған нәрестенің кішкентай қолын байқайды. Ол дереу ауыл тұрғындарын көмекке шақырып, полицияға хабар берген. Құтқарушылар қыз баланы қазып алып, ауруханаға жеткізді.
Медициналық колледждің басшысы доктор Раджеш Кумардың айтуынша, сәбиді дүйсенбі күні өте ауыр жағдайда әкелген. Оның аузы мен мұрнына топырақ кіріп, тұншығу белгілері байқалған. Дене бойында жәндіктердің шаққандары, жануар шабуылынан қалған жарақаттар бар. Бір күннен кейін жағдайы сәл жақсарғанымен, инфекциядан кейін қайта нашарлаған.
Қыз баланың ата-анасы әлі анықталған жоқ. Полиция оқиғаға байланысты тергеу жүргізуде. BBC мәліметінше, Үндістанда мұндай жағдайлар көбіне дәстүрлі түрде ұл балаларға басымдық берілетін көзқараспен байланысты.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, кедей отбасыларда қыз балаларды қаржылық ауыртпалық ретінде қабылдайтын жағдайлар жиі кездеседі. Кейбіреулер жынысына байланысты аборт жасатады немесе нәрестені өлтіреді.
Соңғы жаңалықтар





