Ер адам зейнетақысын бермей қойған анасын ұрып өлтірді

Сабирабад ауданында ұлы өз анасын аяусыз ұрып өлтірген қайғылы жағдай тіркелді. Оқиға Мюрсалли ауылында болған. Бұл туралы Oxu.Az хабарлайды.
Ресми мәліметтерге сәйкес, 1972 жылы туған Агамирза Ілтимасұлы Зейналов мас күйде анасы, 1940 жылы туған Балабике Исмайылқызы Зейналованы өлімші етіп соққыға жыққан. Тергеу барысында белгілі болғандай, А. Зейналов анасының зейнетақы картасын ұзақ уақыт өзіне тиесілі етіп ұстап, ақша қаражатын ішімдікке жұмсап келген. Өзі тек анда-санда қара жұмыс істеп, тұрақты табыс таппаған.
Қылмыс 13 шілде күні таңертең орын алған. Анасы ұлының қалтасынан зейнетақы картасын алып, жасырған. Бұл жағдайға ашуланған ер адам анасын жұдырық және аяқпен бірнеше рет ұрған, сонымен қатар оның басын баспалдаққа соққан. Салдарынан әйел ауыр бас-ми жарақатын алып, комаға түскен.
Көршілер жедел жәрдем шақырып, Б. Зейналованы Сабирабад орталық аудандық ауруханасына жеткізген. Алайда дәрігерлердің барлық әрекетіне қарамастан, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері Агамирза Зейналовты жедел іздестіру шаралары барысында қолға түсірді. Ол жасаған ісін толық мойындаған.
Қазіргі уақытта бұл факті бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Іс құқық қорғау органдарының бақылауында.
Соңғы жаңалықтар





