Ербаян Мұхтардың отбасы тергеуден бас тартты

25.06.2026 12:34 Мөлдір ҚАЙНАР
Ербаян Мұхтардың отбасы тергеуден бас тартты
477
Фото: коллаж POLITICO.KZ

23 маусымда Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында көз жұмған әскери қызметші Ербаян Мұхтардың туыстары әскердегі оқиғаға қатысты тергеуді жалғастырудан және мәйітті ашып тексеруден бас тартты, деп хабарлайды Politico.kz.

Марқұмның ағасы Самат Мұстафиннің КТК телеарнасына берген сұхбатында айтуынша, бірнеше жылға созылған тергеу мен даудан шаршаған ата-ана ұлының төсекке таңылуына себеп болған әскери бөлімдегі жағдай бойынша енді ешқандай әрекет талап етпейді.

​«Біз мәйітті ашып тексеруден де, басқа да шаралардан да бас тартамыз. Баламыз Ербаян сол жақта жатыр. Оны тезірек үйге әкеліп, жерлеу рәсіміне дайындалуымыз керек. Ешқандай әрекет жасамаймыз. Ербаяндың жаны тыныштық тапқанын қалаймыз. Оның есімі құқық қорғау органдарында енді айтылмаса дейміз. Адам өмірден өтті. Алла бар. Бір күні мұның бәрі өздеріне қайтады», – деді Самат Мұстафин.

​Ербаян Мұхтардың қазасынан кейін оның туыстары мен Денсаулық сақтау министрлігі арасында өмірдің соңғы сағаттарына қатысты пікір қайшылығы туындады. Марқұмның ағасы Ербаянды жасанды тыныс алдыру аппараты өшірілгеннен кейін көз жұмды десе, министрлік бұл ақпаратты жоққа шығарып, өлімге ауыр бас-ми жарақатының салдарынан дамыған көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы себеп болғанын мәлімдеді.

​Еске салайық, Ербаян Мұхтар 2023 жылы Ұлттық ұланның әскери бөлімінде қызмет атқарып жүргенде ауыр бас-ми жарақатын алып, үш жылға жуық емделген болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий