Ербаян Мұхтармен қоштасу Астанада өтеді

25.06.2026 09:46 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Ербаян Мұхтармен қоштасу Астанада өтеді
230

Әскерде ауыр жарақат алып, ұзақ уақыт емделгеннен кейін 23 маусымда көз жұмған Ұлттық ұлан сарбазы Ербаян Мұхтардың жаназасы Астана қаласында өтеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Жақындары қаралы жиынның өтетін орны мен уақытын әлеуметтік желіде жариялады.

"Құрметті ағайын-туыс, құда-жекжат, достар, көршілер және көз көрген жамағат. Мұхтар Ербаян Хамитұлының дүниеден озуына байланысты берілетін қонағасының және асының өтетін орны мен уақытын хабарлаймыз. Қонағасы 25 маусымда сағат 19.00-де Гаухартас банкет залында, ал жаназасы 26 маусым күні сағат 10.00-де Шейх Кунта қажы мешітінде оқылып, артынша Бастау мейрамханасында сағат 11.00-де ас беріледі", — делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, 2023 жылы Алматыдағы 5571 әскери бөліміне мерзімді қызметке шақырылған сарбаз сол жылдың желтоқсанында басынан ауыр жарақат алып, ауруханаға ес-түссіз түскен еді. Дәрігерлер оның миы шайқалып, желке сүйегі сынғанын анықтаған. Әскери бөлім басшылығы оның дәретханада құлап қалғанын мәлімдегенімен, бұл нұсқамен келіспеген туыстары Ербаянның ауыр соққыға жығылғанын алға тартты.

Жарты жыл бойы комада жатып, толықтай сал болып қалған жауынгердің еміне қазақстандықтар 220 млн теңгеден астам қаражат жинап берген соң, ол 2024 жылдың күзінде Түркияға оңалтуға жіберілген. Алайда 2025 жылдың соңында елге оралған сарбаздың денсаулығы биыл мамыр айының соңында күрт нашарлап, Астанадағы Ұлттық үйлестіру шұғыл медицина орталығының жансақтау бөліміне түсіп, сол жерде қайтыс болды.

Бұған дейін тиісті министрлік әскерден мүгедек болып оралған Ербаян Мұхтардың өліміне қатысты арнайы түсініктеме берген еді.

Войдите, чтобы оставить комментарий