Еш жерде жұмыс істемегендерге мемлекет қанша зейнетақы төлейді?

01.12.2025 12:06 Арман Ермеков
Еш жерде жұмыс істемегендерге мемлекет қанша зейнетақы төлейді?
0
165
Фото: freepik.com

Ресми түрде еңбек етпеген және зейнетақы қорында жинағы жоқ азаматтар мемлекеттен берілетін ең төменгі төлемді алуға құқылы. Әлеуметтік кодекс аясында мұндай санаттағы тұлғаларға базалық зейнетақы тағайындаудың арнайы тетіктері қарастырылған, деп хабарлайды Politico.kz сайты NUR.KZ-ке сілтеме жасап.

Қазақстанның зейнетақы жүйесі көп деңгейлі болып табылады. Оған мемлекеттік базалық төлем, жасына байланысты ынтымақты зейнетақы және жинақтаушы қордағы қаржы кіреді. Егер азамат өмір бойы ресми жұмыс істемесе де, қарттық шағында табыссыз қалмайды. Оларға еңбек өтіліне қарамастан базалық зейнетақы беріледі.

Әлеуметтік кодекстің 206-бабына сәйкес зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жылдан аз немесе мүлдем жоқ азаматтарға базалық төлем ең төменгі күнкөріс деңгейінің белгілі бір пайызы мөлшерінде тағайындалады. Мәселен 2023 жылы бұл көрсеткіш 60 пайызды, яғни 24 341 теңгені құраса, 2024 жылы 65 пайызға дейін немесе шамамен 28 215 теңгеге өсті. Ал 2025 жылы оның көлемі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін ұлғайтылды.

Базалық төлемді есептеу кезінде зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне тек жұмыс уақыты ғана емес, өзге де кезеңдер ескеріледі. Атап айтқанда жұмыс істемейтін ананың немесе әкенің жас балаларды бағып-қағу уақыты есепке алынады. Бұл ретте әр бала 3 жасқа толғанға дейінгі мерзім қосылады, бірақ жалпы ұзақтығы 12 жылдан аспауы тиіс. Демек өмірін отбасына арнаған әйелдер балаларының туу туралы куәліктерін немесе басқа да растаушы құжаттарды тапсыру арқылы зейнетақы көлемін ұлғайта алады.

Сонымен қатар өтілге 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар баланы, бірінші топтағы мүгедекті, екінші топтағы жалғызбасты мүгедекті немесе бөгде адамның көмегіне мұқтаж зейнеткерді, сондай-ақ 80 жастан асқан қарт адамды күту уақыты кіреді. Бұған әскери қызмет кезеңдері және төтенше жағдай кезіндегі шектеу шараларына байланысты табысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алған уақыттар да жатады.

Жасына байланысты ынтымақты зейнетақы тағайындау үшін 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі болуы шарт. Бұл санатқа мамандық бойынша білім алу кезеңі де қосылады. Алайда төлем мөлшері міндетті жарналар аударылған орташа айлық табысқа негізделеді. Егер азамат ешқашан ресми жұмыс істемесе және жалақы алмаса, ынтымақты зейнетақыны есептеуге негіз болмайды.

Жинақтаушы жүйе бойынша төлем алу үшін қорда міндетті жарналар есебінен жиналған қаржы болуы қажет. Ресми табысы жоқ адамдар үшін бұл мүмкін емес. Дегенмен ерікті зейнетақы жарналарын аудару арқылы жинақ қалыптастыру мүмкіндігі бар. Мұндай жағдайда заңмен бекітілген зейнет жасынан бұрын да төлем рәсімдеуге жол ашылады.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий