Еуропа елдері Украина тағдырын талқылауға қатысқысы келеді

Еуропалық мемлекеттер Украина тағдыры шешілетін кез келген келіссөздерге қатысуы керек деп санайды, деп хабарлайды Reuters.
Ұлыбритания, Франция және Германия бұл келіссөздерде әділетті шешім мен қауіпсіздік кепілдіктері қамтамасыз етілуі тиіс екенін мәлімдеді.
"Украинаны күшті позицияға қою – біздің ортақ мақсатымыз. Украина мен Еуропа кез келген келіссөздердің ажырамас бөлігі болуы тиіс," – делінген жеті мемлекет пен Еуропалық комиссияның бірлескен мәлімдемесінде.
Еуропа лидерлері Украинаға нақты қауіпсіздік кепілдіктері берілуі керек екенін баса айтты. Парижде өткен кездесуде Франция, Ұлыбритания, Германия, Польша, Италия, Испания және Еуропалық комиссия министрлері Украина Сыртқы істер министрімен кездесті.
Бұл жиын Украина қорғанысын нығайту, болашақ бейбіт келіссөздерді жоспарлау және АҚШ-пен келіссөздер тактикасын талқылауға арналған еді. Алайда, АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсеттің мәлімдемесінен кейін еуропалық елдердің алаңдаушылығы арта түсті.
Хегсет Украина 2014 жылғы шекарасына қайтып келе алмайды деп есептейтінін айтып, Киевтің НАТО-ға кіруін АҚШ қолдамайтынын жеткізді. Бұл мәлімдемеден кейін Дональд Трамп пен Владимир Путин телефон арқылы сөйлесіп, екі жақтың келіссөздерді дереу бастайтыны жарияланды.
Еуропа лидерлері бұл келіссөздер жайлы алдын ала хабардар болмағанын және АҚШ-тың бұл мәселеде ашықтық танытпағанын алға тартуда. Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт:
"Қазіргі уақытта келіссөздерге қатысатын еуропалық елдердің тізімі жоқ" деп жауап берді.
Соңғы жаңалықтар





