Фельдшер Ұлдана Мырзуанның өлімі: Прокурор МИБ төрайымын 2 жылға соттауды сұрады
Қызмет бабында қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сотта тараптардың жарыссөзі басталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Қайғылы жағдай болған Тәуелсіздік даңғылы, 24Б үйінің МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязоваға өз міндетін дұрыс орындамады деген айып тағылды. Ол өз кінәсін мойындаған жоқ.
Еске салсақ, 2025 жылғы 8 қарашада аталған тұрғын үйдің қасбеті опырылып түсіп, зардап шеккендерге көмек көрсетуге келген Ұлдана Мырзуан қайта құлаған қасбеттің астында қалып, 18 қарашада ауруханада көз жұмған болатын.
Прокурор 2017 жылғы техникалық қорытындының өзінде қасбетті жөндеу қажеттігі ескертілгенін және дер кезінде шара қолданғанда адам өлімінің алдын алуға болатынын алға тартты.
Мемлекеттік айыптаушы сотталушыны ҚР Қылмыстық кодексінің 254-бабы бойынша кінәлі деп танып, оған 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды және 3 жылға кондоминиум нысандарын басқару құқығынан айыруды сұрады.
Соңғы жаңалықтар