Фермадағы алты жұмысшының қазасы: Арнайы комиссия жұмыс берушіні кінәлі деп тапты

02.09.2026 12:33 Мөлдір ҚАЙНАР
Фермадағы алты жұмысшының қазасы: Арнайы комиссия жұмыс берушіні кінәлі деп тапты
169
Фото: коллаж politico.kz

«Aqtogai Milk» ЖШС-нің кәріз құдығында әріптестерін құтқармақ болып, күкіртсутектен уланып көз жұмған 6 қызметкердің өліміне қатысты тергеу аяқталды. Арнайы комиссия жұмыс берушіні толықтай кінәлі деп тапты, деп хабарлайды Politico.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, әуелі құдықта жұмыс істеп жатқан қызметкерлердің бірі газға уланған. Қалған жұмысшылар қауіпті ескерместен бірінен соң бірі көмекке ұмтылып, соңы қайғылы жағдаймен аяқталған. Салдарынан алты адам мерт болды.

Тексеру барысында жұмысшыларға қауіптілігі жоғары жұмыстарды орындау ережелері бойынша тиісті оқыту жүргізілмегені және олардың жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілмегені анықталды. Сондай-ақ құдықтағы қауіпсіздік талаптары мен құтқару шаралары тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған.

«Үкіметтік комиссияның қорытындысы бойынша жұмыс беруші — "Aqtogai Milk" ЖШС-нің кінәсі 100 пайыз көлемінде белгіленді», – деп мәлімдеді ведомство өкілдері.

Арнайы комиссия қайғылы оқиғаның мән-жайы мен жауапты тұлғаларды анықтап, болашақта мұндай оқиғалардың алдын алу бойынша ұсынымдар әзірледі. Министрлік барлық жұмыс берушілерді құдықтар мен тұйық кеңістіктердегі жұмыстар кезінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырды.

Войдите, чтобы оставить комментарий