Freedom Bank белгілі журналистің қосымшасын себепсіз бұғаттап тастады?
Белгілі жазушы әрі журналист Өміржан Әбдіхалықұлы Freedom Bank өзінің банк қосымшасын еш себепсіз бұғаттап, мәселені шешудің орнына әуре-сарсаңға салғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Журналист оқиғаның мән-жайын өзінің Threads желісіндегі парақшасында баяндады. Оның айтуынша, банк қосымшасына түскен қаражатты аудару барысында техникалық ақаулар шығып, соңы бұғаттаумен аяқталған.
"Freedom Bank банк қосымшасын себепсіз бұғаттап тастады. Оқиға былай болды. 24 күні кешке банк қосымшасына қаламақы жіберді. Фридом қосымшасынан қаражатты Kaspi bank қосымшасына аударуға бірнеше рет талпыныс жасадым: карта нөмірімен жіберілмей, "қателік пайда болды", "30 секундтан кейін қайталап көріңіз" деп ескерту шыға берді. Сөйтіп, телефон нөмірі бойынша аудармақ болған фридом банк қосымшасын бұғаттап тастады", — деді Өміржан Әбдіхалықұлы.
Бұдан кейін ол бірден банктің 595 жедел желісіне хабарласқанымен, оператор оны WhatsApp мессенджеріндегі чат-ботқа сілтеген. Бот мәселені шешудің орнына қажетті құжаттар тізімі мен заңға сілтемелер жіберген соң, журналист 25 маусым күні Астана қаласы Қабанбай батыр көшесінде орналасқан банк бөлімшесіне өзі барған. Алайда бөлімшедегі қызметкердің әрекеті оған мүлдем түсініксіз болған.
"Эльвира есімді банк қызметкері өтініш жазуымды сұрады - жаздым. Сосын Kaspi bank-тен соңғы 6 айдағы есепшот көшірмесін, соңғы 6 айдағы зейнетақы аударымдарын да Kaspi bank ден алдырды, бердім. Мұның бәрі не үшін дегенімде банк қызметкері "білмеймін" деді. Бұл екі жеке банк және зейнетақы деректерімді жоғарыдағы банк қызметкерінің whatsappына жібердім. Бәрін қабылдап алған соң, Эльвира: - Өтінішіңізді Алматыдағы бас кеңсеге жібердім, олар қарайды, сосын сізге хабарласады", - деді. - Қашан хабарласады? - дегенімде "білмеймін" деп қысқа қайырды. Сонда өтінішті қанша уақыт қарайды деп ем, "белгісіз, айта алмаймыз, 3-7 күн болар, нақты білмеймін" деді", — деді журналист.
Өміржан Әбдіхалықұлы бұғаттауды бөлімшеде дереу шешіп береді деп үміттенгенін, алайда банктің бұл жауабынан кейін өзін карта бір аптада әрең дайын болатын 2000 жылдарға түскендей сезінгенін жеткізді. Ол қайта қоңырау шалып, банк қосымшасына жауапты мамандармен байланыстыруды сұраған кезде де операторлар оған тек күтуге кеңес берген.
Сөздерін естуге жүйкесі жетпей, тұтқаны қоя салған ол, ішке кіріп, банкке жазған өтінішін суретке түсіріп алған.
"Банк қосымшасын не себепті бұғатталғанын ешкім түсіндірмеді. Зейнетақы және өзге банктегі деректерімді не үшін алғандарын да түсіндірмеді. Берілген өтініштің қашан қаралытыны, ол қанша уақыт алатыны белгісіз, ешкім білмейді. Қысқасы, журналистер күні қарсаңында Freedom Bank осындай әуре сарсаңға сап, жүйке талшықтарымды бір-бірлеп үзді", — деді Өміржан Әбдіхалықұлы.
Соңғы жаңалықтар