Ғалымжан Қойшыбаев вице-премьер – Үкімет Аппаратының басшысы болып тағайындалды

03.09.2026 10:05 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Ғалымжан Қойшыбаев вице-премьер – Үкімет Аппаратының басшысы болып тағайындалды
723
Фото: gov.kz

Ғалымжан Қойшыбаев Қазақстанның вице-премьері – Үкімет Аппаратының басшысы лауазымына қайта тағайындалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті жарлыққа қол қойғанын Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.

Президент шешімі шықпас бұрын оның кандидатурасын Құрылтай депутаттары қарап, мақұлдаған. Парламенттің Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті бұл мәселені тиісті конституциялық заңның 30-бабына сай талқылап, оң қорытынды берді.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Ғалымжан Тельманұлы Қойшыбаев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Үкімет Аппаратының Басшысы лауазымына тағайындалды», – делінген ресми хабарламада.

Жаңа қызметінде ол Үкімет пен Премьер-министр жұмысын ұйымдастырушылық, құқықтық және кадрлық тұрғыдан қамтамасыз етеді. Сондай-ақ мемлекеттік органдарды цифрландыру, әкімшілік реформаларды жүзеге асыру және заң жобалау жұмыстарын жетілдіру де осы құрылымға жүктелген. Бұған қоса, Қойшыбаев мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту процесін тікелей үйлестіреді.

Ғалымжан Қойшыбаев кім?

Ғалымжан Тельманұлы 1968 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген, философия ғылымдарының кандидаты.

Ол еңбек жолын дипломатия саласында ұзақ жылдар өткерген. 1995–2004 жылдары еліміздің Ресейдегі елшілігінде түрлі дипломатиялық қызмет атқарса, кейін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы жанындағы өкілетті өкіл болды. Одан әрі Президент Әкімшілігінде бас инспектор және Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі қызметін атқарды.

2008–2016 жылдар аралығында Литва, Латвия, Эстония және Финляндия мемлекеттерінде елші болды. Кейін 2016–2019 жылдары сыртқы істер министрінің орынбасары міндетін атқарды.

2019 жылдың наурызынан бастап Премьер-министр Кеңсесіне жетекшілік етті. Аталған құрылым Үкімет Аппараты болып қайта құрылған соң, ол 2023 жылғы қаңтар мен сәуірде, сондай-ақ 2024 жылғы ақпанда вице-премьер – аппарат басшысы болып тағайындалған еді. 2026 жылғы 3 қыркүйекте ол осы тізгінді қайта қолына алды.

Войдите, чтобы оставить комментарий