Головкиннің соңғы жекпе-жегіне қатысты тың дерек шықты

Головкиннің соңғы жекпе-жегіне қатысты тың дерек шықты
15.08.2025 14:17
0
169
Фото: Olimpic.kz

Аты аңызға айналған қазақстандық боксшы Геннадий «GGG» Головкиннің (42-2-1, 37 KO) мансабындағы соңғы жекпе-жегінде кіммен жұдырықтасуы мүмкін екені анықталды, деп хабарлайды POLITICO.KZ 1bol.kz сайтына сілтеме жасап.

Жақында 2004 жылғы Олимпиада чемпионы, бұрынғы WBA, WBC және The Ring белбеулерінің иесі, америкалық Андре Уорд (32-0, 16 KO) рингке қайта оралатынын мәлімдеді. Осы жаңалықтан соң әйгілі Sports Illustrated журналы оған үш ықтимал қарсылас ұсынды, солардың алғашқысы – Қарағанды облысының тумасы Геннадий Головкин.

«Бұл айқас баяғыда-ақ өтеді деп болжанған еді. 2015 жылы қос тарап кездесу өткізуге жақын болған. Алайда Roc Nation Sports дерегінше, Головкиннің командасы келісімшарттан бас тартқан. Сол кезде қазақстандықтың орта салмақта Давид Лемьеге қарсы біріктіру жекпе-жегі жоспарланып қойған еді», – деп жазды басылым.

Sports Illustrated сарапшыларының айтуынша, 43 жастағы GGG 2022 жылдан бері рингке шықпаған. Сол жылы ол Сауль «Канело» Альвареспен екінші орта салмақта абсолютті әлем чемпионы атағы үшін жұдырықтасып, жеңіліс тапқан еді.

«Головкин мансабын Канеломен трилогиядағы жеңіліспен аяқтағысы келмейтін шығар деп ойлаймыз. Сондықтан соңғы жекпе-жегін өткізеді деген болжам бар. Ал Уордпен айқас Тайсон мен Рой Джонс кездесуін еске түсіретін оқиға болар еді», – деп жазды журнал.

Сонымен қатар Уордтың ықтимал қарсыластары ретінде 43 жастағы британиялық Тони Белью (30-3-1, 20 KO) мен атышулы америкалық блогер-боксшы Джейк Пол (12-1, 7 KO) да аталды.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий