Halyk Bank ресейлік миллиардердің қонақүйін сатылымға шығарды

Halyk Bank ресейлік миллиардердің саябақ-қонақүйін сатылымға шығарды, деп хабарлайды POLITICO.KZ порталы.
Halyk Bank Ресейдің Тула қаласында орналасқан ірі демалыс парк-қонақүйін 5,7 миллиард теңгеге сатылымға қойды. Бұл туралы хабарландыру банктің Halykzalog сайтында жарияланды.
Сатылып жатқан қандай қонақүй?
Сатылымға қойылған нысан Ресейдің Тула облысындағы Щекин ауданында, Яснополянск орман шаруашылығы аумағында орналасқан. Хабарландырудағы суреттерге қарағанда, бұл ресейлік миллиардер Александр Клячинге тиесілі Azimut Hotels қонақүйлер желісіне кіретін «Azimut Park Hotel» екені байқалады.
Forbes басылымының бағалауынша, Александр Клячиннің байлығы $1 млрд-ты құрайды.
Қонақүй кешенінде не бар?
Кешеннің жалпы ауданы шамамен 8,3 мың шаршы метрді құрайды. Одан бөлек, құрылысы аяқталмаған VIP ғимарат пен SPA орталығы бар.
Демалыс орнында 5 негізгі ғимарат, спорт алаңы, жаттығу залы, заманауи жабдықталған банкет және конференц-залдар, балалар бөлмелері, мейрамхана, ойын-сауық саябағы, бильярд, үстел теннисі және алау жағатын алаңы бар арқанды саябақ орналасқан.
Қонақүйде жалпы 89 нөмір бар. Олардың ішінде:
- 36 стандартты нөмір;
- 34 супериор нөмірі;
- 3 жартылай люкс нөмірі;
- 5 мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған нөмір;
- 2 люкс нөмірі;
- 6 апартамент;
- 3 джакузиі бар люкс нөмірі.
Хабарландыруда валюта бағамының құбылуына байланысты нысанның рубльдегі соңғы бағасы келісімшарт жасалатын кезде бекітілетіні көрсетілген.
Бұл қонақүйді несиеге сатып алуға болады. Сайтта болашақ иесі үшін арнайы кредиттік калькулятор да орналастырылған.
Соңғы жаңалықтар





