Халықаралық іздеуде жүрген Ұлан Байболов Кореядан елге жеткізілді

12.08.2026 10:29 Қарақат АСЫЛОВА
Халықаралық іздеуде жүрген Ұлан Байболов Кореядан елге жеткізілді
220
Фото: Опер видео

Халықаралық іздеуде жүрген Ұлан Байболов Корея Республикасынан Қазақстанға қайтарылды. Бұл операция Интерполдың қолдауымен жүзеге асырылды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) хабарлады, деп жазады Politico.kz.

Тергеу мәліметіне сүйенсек, күдікті ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында болған. Бұл топ бюджетке төленетін міндетті салықтардан жүйелі түрде жалтарып отырған. Олар түрлі кәсіпорындарды сатып алып, оларды жалған адамдардың атына қайта тіркеген. Кейін осы компаниялардың банк шоттары арқылы заңсыз қаржы операцияларын жүргізген.

Қылмыскерлер салық есептілігіне көрінеу жалған мәліметтер енгізіп, қыруар қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырған. Осындай мақсатта пайдаланылған кәсіпорындардың бірі ретінде «Сфера» серіктестігі аталды. Ұлан Байболов 2014 жылы осы компания директорының орынбасары болып тағайындалған.

Нәтижесінде топ мүшелері серіктестік шоттарынан 2,5 млрд теңгеден астам қаражат шығарып алған. Бұған қоса төленбеген салық көлемі 1 млрд теңгеден асады. Қазіргі уақытта сот күдіктіні қамауға алуға рұқсат берді.

Құзырлы орган тергеу жұмыстарының жалғасып жатқанын жеткізді. Заң талаптарына сәйкес істің басқа мәліметтері жария етілмейді. Сонымен қатар сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін күдікті кінәсіз деп есептеледі.

Войдите, чтобы оставить комментарий