Хатико есімді мысық 7 жыл бойы қожайынының қабірін күзетуде

Дагестанда мысық 7 жылдан бері өз қожайынының қабірінен кетпей өмір сүріп келеді, деп хабарлайды POLITICO.KZ, Baza арнасына сілтеме жасап.
Бұл туралы жергілікті тұрғын Хадижаның айтуынша, ол алғаш рет бұл мысықты 2018 жылы ағасының қабіріне келген кезде көрген.
Сол кезде туыстары қабір басында жатқан мысықтың иесі бірнеше ай бұрын қайтыс болғанын айтып берген. Қожайыны қайтыс болғаннан кейін мысық оның қабірін тастамай, сол жерде тұрып қалған.
Хадижаның айтуынша, ол мысықты үйіне алып кеткен. Алайда мысық тамақтанып, ұйықтағаннан кейін қайтадан сыртқа шығуға сұранып, қожайынының қабіріне қайтып кеткен.
Содан бері мысық сол жерде өмір сүріп келеді. Жергілікті тұрғындар оны "Хатико" деп атап кеткен және үнемі тамақ әкеліп беріп тұрады.
Алайда ашық ауада, қар мен жаңбыр астында өмір сүру салдарынан мысық жиі ауырады. Қазір оның өкпесі қабынып, құлағы шіріген. Сонымен қатар, тістері мен бауыры да зақымданған. Хадижаның айтуынша, мысық Махачкаладағы ветеринарлық клиникада емделуде, жақын арада Санкт-Петербургке жіберілмек.
Қазір мысық үнемі оттегі маскасында – онсыз тыныс алуы қиын. Санкт-Петербургте оның бүйрегін емдеп, жағдайы жақсарған соң, жаңа иелеріне беріледі.
Мамандардың айтуынша, мысық бұдан былай бұрынғы қожайынының қабіріне оралмауы мүмкін.
Соңғы жаңалықтар




