Жаркентте төбелес кезінде оқ атылды: атыс қаруы шенеунікке тиесілі екені рас па?

13.10.2026 • 14:41 Әсел МҰРАТ
Жаркентте төбелес кезінде оқ атылды: атыс қаруы шенеунікке тиесілі екені рас па?
232
Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Жетісу облысының Жаркент қаласында ер адамдар арасындағы жанжал атыспен аяқталды. Оқиға салдарынан 33 жастағы ер адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Полиция екі күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Politico.kz.

Әлеуметтік желілерде жанжал туралы түрлі ақпарат тарады. Атап айтқанда, қолданылған қару мемлекеттік органдарға қатысы бар адамға тиесілі болуы мүмкін деген болжам айтылды.

Жетісу облысының полиция департаменті бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Ведомствоның мәліметінше, бұған дейін таныс болған ер адамдар арасында жанжал туындаған. Қақтығыс кезінде олардың бірі атыс қаруын қолданған. Салдарынан 33 жастағы ер адам оқ жарақатын алып, ауруханаға жатқызылды.

Аталған оқиға бойынша бұзақылық және адам өлтіруге оқталу деректерімен қылмыстық істер қозғалды. Тергеу барысында қару тәркіленіп, екі күдікті ұсталды. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Полицияның хабарлауынша, қарудың мемлекеттік органдарға қатысы бар адамға тиесілі екені туралы мәлімет шындыққа жанаспайды.

Сонымен қатар құқық қорғау органдары көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті. Мұндай әрекет үшін жаза жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруды қамтуы мүмкін.

Қазіргі уақытта тергеу Жетісу облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында.
 

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий