"Інімді ұрып өлтіргендер 1,6 жылға сотталды": 19 жастағы Еркебұланның өліміне қатысты туыстары дабыл қақты

17.04.2026 10:19 Мөлдір Талғат
359
Фото: жақындарынан

19 жастағы Еркебұлан Ештайдың өліміне қатысты әпкесі халықтан көмек сұрап, істің әділ қаралуын талап етті, себебі оның өліміне күдікті деп танылған азамат бар болғаны 1,6 жылға сотталған, деп хабарлайды Politico.kz.

2025 жылдың 8 қарашасында кешкі сағат 22:30 шамасында болған қайғылы оқиға қоғамда резонанс тудырып отыр. Марқұмның туыстары редакциямызға хабарласып, оқиғаның мән-жайын айтып берді.

Жақындарының мәліметінше, Еркебұлан достарымен бірге қаладан қайтып келе жатып, Шымкент қаласындағы Ақжар мөлтек ауданына кіреберісте танысының "гулянкасына" қосылады. Сол жерде жол үстінде жанжал туындап, қазіргі таңда сотталушы М.-мен ерегіс басталған.

Марқұмның әпкесінің айтуынша, жанжал барысында күдікті оны тоқтатып, бірнеше рет соққы жасаған.

«Сотталушы менің інімді тоқтатып, 2 рет жұдырықпен ұрған. Соққының әсерінен бауырым есінен танып, жерге құлап, комаға түсті», – дейді әпкесі.

Оқиға сәті әлеуметтік желіде тікелей эфирде көрсетілген.

«Бұл төбелес TikTok желісінде тікелей эфирге шыққан. Біз де көріп, бірден оқиға орнына бардық. Барғанда інім ес-түссіз, қан құсып жатқан», – дейді ол.

Дәрігерлер Еркебұланның жағдайын аса ауыр деп бағалаған. Нейрохирургтардың айтуынша, оның миына ауыр соққы тиіп, тамырлары жарылған.

«Басына өте ауыр соққы тиген. Миындағы тамырлар жарылып, ісік пайда болған. 5 күннен кейін қайтыс болды. Дәрігерлер “ештеңе істей алмаймыз” деп ашық айтты», – дейді туысы.

Алайда сотта бұл жағдай басқаша бағаланғанын туыстары түсінбей отыр.

«Жерге құлағаннан болды дейді. Бірақ шапалақпен ұрса адам өле ме? Тамыры жарыла ма басындағы?» – дейді марқұмның әпкесі.

Туыстарының сөзінше, оқиға кезінде күдікті жалғыз болмаған. Бірақ тергеу барысында тек бір адам ғана жауапқа тартылған.

Сот барысында да бірқатар қайшылықтар болған. Куәгерлер екі рет жұдырықпен ұрғанын айтқанына қарамастан, сотталушы өз сөзін өзгертіп, тек «шапалақпен ұрдым» деп көрсеткен.

«2 куәгер жұдырықпен ұрғанын айтты. Бірақ соған қарамастан сот оны ескермеді», – дейді әпкесі.

Нәтижесінде сот ҚР ҚК 104-бабының 1-бөлігімен үкім шығарып, М.-ға бар болғаны 1 жыл 6 ай жаза тағайындаған.

«Сонда 18 жастағы баланың өмірі 1 жыл 6 айға ғана бағаланды ма?» – дейді туыстары.

Марқұмның жақындары істің біржақты қаралғанын айтып, апелляциялық соттан істі қайта қарап, ҚР ҚК 106-бабының 3-бөлігі бойынша (өлімге әкелген қасақана ауыр дене жарақаты) қатаң жаза тағайындауды талап етуде.

Қазіргі уақытта Еркебұланның туыстары әділдік іздеп, қоғамнан қолдау күтетінін жеткізді.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий