Ирандағы соғыс пен мұнай дағдарысы: АҚШ ұтылып, Қытай неге ұтып кетті

11.05.2026 17:05 Арман Ермеков
Ирандағы соғыс пен мұнай дағдарысы: АҚШ ұтылып, Қытай неге ұтып кетті
311
Фото: trendsresearch.org

Шетелдік басылымдар Ирандағы қақтығыс салдарынан әлемдік энергетикалық дағдарыс басталып, мұнайға тәуелді елдер тығырыққа тірелгенін жазды, деп хабарлайды Politico.kz.

Принстон университетінің доценті Бенджамин Брэдлоу «Foreign Affairs» басылымында жариялаған мақаласында Таяу Шығыстағы соғыстың бүкіл әлемге үлкен сабақ болғанын алға тартты.

Наурыз айының басында Ормуз бұғазы жабылып, дүниежүзілік мұнай мен сұйытылған газ тасымалының бестен бір бөлігі тоқтап қалған кезде көптеген мемлекеттер жанармай тапшылығына ұшырады. Мәселен 24 наурызда Филиппин энергетикалық төтенше жағдай жарияласа, Замбия жанармай алымдарын тоқтатып қазынасынан $100 млн жоғалтты. Ал Словения отынды шектеп беруге көшсе, Лаос жанармай бекеттерін жауып, оқу аптасын төрт күнге дейін қысқартқан. Сонымен қатар Вьетнамда дизель бағасы 40 пайызға шарықтап кетті.

Бұл дағдарыс мұнай импортына тәуелді елдердің саяси дәрменсіздігін әшкерелеп берді. Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері шикізаттың жартысынан көбін Парсы шығанағынан алатындықтан, Тегеран немесе Вашингтонмен қарым-қатынасты бұзып алмау үшін аса сақтықпен әрекет етіп жатыр. Тіпті жаһандық оңтүстіктің көшбасшысы саналатын Үндістанның өзі мұнайының басым бөлігін осы бұғаз арқылы тасымалдайтындықтан, АҚШ Үнді мұхитындағы ирандық әскери кемені суға батырғанда үнсіз қалды. Оған қоса үнділік шенеуніктер Иранның жоғарғы көшбасшысы Али Хаменеидің қазасына көңіл айту кітабына қол қою үшін бес күн күткен. Алайда олардың бұл жалтақтығы өз жемісін беріп, АҚШ басшылығы Үндістанға ресейлік және ирандық мұнайды сатып алуға рұқсат берді.

Ал баламалы энергия көздеріне арқа сүйеген елдер керісінше тәуелсіз саясат жүргізіп отыр. Күннен алынатын қуат үлесін 32 пайызға жеткізіп миллиардтаған доллар үнемдеген Пәкістан Иран мен Америка өкілдерін қабылдап, 8 сәуірде бітімгерлік келісімге қол жеткізуге дәнекер болды. Сол сияқты электр қуатының 56 пайызын жел мен күннен алатын Испания үкіметі Вашингтонға Иранға қарсы операциялар үшін өз әскери базаларын пайдалануға түбегейлі қарсы шықты. Өз кезегінде су мен жел энергиясына және отандық этанолға сүйенетін Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силва бомбалау басталған бойда соққыларға қарсылығын ашық білдірді.

Осы жағдайдан кейін әлем елдері энергетикалық тәуелсіздік саяси бостандықтың кепілі екенін ұғынып, жасыл энергетикаға бет бұра бастады. Индонезия алдағы үш жылда 100 гигаватт жаңа күн электр станцияларын салуды жоспарласа, Вьетнам жаңартылатын энергия бойынша 80 ірі жобаны мақұлдады. Бұл жаппай көшу процесінде таза энергия технологияларына триллиондаған доллар инвестиция құйған Қытай басты жеңімпазға айналып отыр. Соғыс басталғалы бері қытайлық «CATL», «BYD» және «Sungrow» сияқты аккумулятор өндірушілердің құны $70 млрд өсіп, ірі мұнай компанияларын басып озды. Сонымен қатар сәуір айында қытайлық мемлекеттік компания Лаостағы ең ірі күн электр станцияларының бірін салып бітірді.

Сарапшылардың пікірінше бұл қақтығыста Америка айтарлықтай ұтылыс тапты. Дональд Трамп әкімшілігі әлемге қазба отыны мен сұйытылған газды ұсынып, мұнай экспортын шектеуден бас тартқанымен, өзге мемлекеттер үшін Пекиннің ұсынысы әлдеқайда тиімді болып шықты. Сингапурлық зерттеу институтының сауалнамасына сәйкес, Азия көшбасшылары АҚШ саясатына алаңдаушылық білдіріп, Қытайды басты серіктес ретінде таңдаған. Ормуз бұғазындағы дағдарыс қазба отынына тәуелділіктің қаншалықты қауіпті екенін көрсетті, сондықтан геосаяси еркіндікті аңсаған мемлекеттер енді тек өздерінің баламалы энергия көздерін дамытуға күш салмақ.

Войдите, чтобы оставить комментарий