Исламтанушы: Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде періштелер порталы бар
Белгілі исламтанушы, Нұр-Мүбарак университетінің профессоры Мұхитдин Исаұлы киелі орындардағы ерекше өрістер, «иман» сөзінің қазақы баламалары мен Наурыз мейрамының тарихи тамыры туралы ой толғады. Ғалым өзінің бұл пікірінде Мұхан Исахан пен Мекемтас Мырзахметұлы сияқты зерттеушілердің пайымдарына сүйенді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы ол журналист Жанар Байсемізге берген сұқбатында әңгімеледі.
«Киелі мекендерде ерекше қуат өрістері — «порталдар» болады. Ондай қасиетті орындар Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде де, Мәшһүр Жүсіп кешенінде де, Меккедегі Қағбада да бар. Сонау сақ заманынан бері бабаларымыз осы мекендерді Қағбадай қасиет тұтып, құбыладай қадірлеген. Бұл жөнінде ғалымдардың арнайы зерттеулері де жоқ емес. Деректерге сүйенсек, кезінде Мұхан Исаханов та атап өткендей, Қожа Ахмет Яссауи бабамыз мәңгілік мекен тапқан топырақта да сондай ерекше қуат ошағы болған. Ежелгі сақтар мен түркілер дүниеден өткен жақындарын жерлегенде, бейіттерін осы киелі бағытқа қарата орналастырған екен», — деді Мұхитдин Исаұлы.
Сонымен қатар, халқымыздың көне наным-сенімдері мен тілдік символикасы Исламдағы түсініктермен де өте тығыз астасып жатыр. Ғалымдардың зерделеуінше, дала мәдениетіндегі кейбір сөз тіркестері мен дәстүрлердің түпкі мәні тікелей имандылық пен руханиятқа келіп саяды.
«Ол заманның адамдары осындай киелі орындардың құдіретіне де, періштелердің бар екеніне де кәміл сенген. Ел аузындағы «Бес енеден белгілі» деген тәмсілді де Мұхан Исахан өзінің «Тәңіршілдік» атты еңбегінде тереңірек тарқатып, оның «бес періштеге» қатысты айтылғанын жазады. Мәселен, қазақ ұғымындағы «төс» сөзі — иманның баламасы. Жауға қарсы «Төсіңді кер!» деуі — иманыңды бекем ұста дегенді білдіреді. Ұзатылған қыздың күйеу баласына төс тарту дәстүрінің де астарында үлкен мән бар: оның бойындағы иманы күшті, серті берік болсын, шаңырағына иелік етіп, отбасы беріктігін сақтасын деген тілек жатыр», — деді профессор.
Ғасырлар бойы қалыптасқан бұл рухани негіз қазақ даласына Ислам дінінің оңай әрі табиғи жолмен таралуына басты себеп болды. Ғалымның айтуынша, бабалар дүниетанымы мен жаңа діни ақиқат бір-біріне қайшы келмей, керісінше бірін-бірі толықтыра түскен.
«Осының бәрі — сонау сақтардан бастау алып, салт-дәстүрімізбен етене қайнасып кеткен рухани сабақтастық. Сондықтан кейін Ислам діні келгенде, халық оны бөтен көрмей: «Бұл — біздің бойымызда бұрыннан бар сенім», — деп, Құран ақиқатын да, пайғамбар хадисін дәлелсіз-ақ қабылдаған. Мұхан Исахан«Тәңіршілдік» кітабында осының бәрін жік-жігімен, жүйелі түрде баяндап береді. Бұл — бұрынғы таным мен бүгінгі Ислам дінінің арасындағы үзілмеген алтын көпір. Белгілі ғалым, ұстазым Мекемтас Мырзахметұлы да осы пікірді қуаттайтын. Мәселен, ол «Наурыз» сөзінің түп-тамырын сонау Қазығұрт тауымен байланыстырады. Топан судан кейін Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұрттың басына тоқтағанда, ел-жұрт «Жаңа күніміз» деп, Наурыз мейрамын тойлаған екен дейді. Мекемтас Мырзахметұлының пайымдаған тарихи дерегі — осы», — деді Мұхитдин Исаұлы.
Соңғы жаңалықтар