Тоқаев Алмас Исаковты Президент Іс басқарушысының орынбасары етіп тағайындады

24.09.2026 • 22:10 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Тоқаев Алмас Исаковты Президент Іс басқарушысының орынбасары етіп тағайындады
399
Фото: gov.kz

Президент Іс басқармасының аппаратын басқарып келген Алмас Серікұлы Исаков енді Іс басқарушының орынбасары қызметіне кіріседі, деп хабарлайды Politico.kz.

«Мемлекет басшысының өкімімен Алмас Серікұлы Исаков Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқарушысының орынбасары лауазымына тағайындалды», делінген Ақорданың хабарламасында.

Алмас Исаков кім?

Алмас Серікұлы Исаков 1985 жылғы 25 мамырда туған. Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін және Ұлыбританиядағы Эксетер университетін бітірген. «Болашақ» президенттік бағдарламасының стипендиаты.

Еңбек жолын 2009 жылы Астана қаласы бойынша кедендік бақылау департаментінде маманның міндетін атқарушы болып бастаған.

2010–2012 жылдары Алматы қаласы бойынша салық департаментінде бас маман болған.

2012–2014 жылдары Қаржы министрлігі мен Экономикалық даму және бюджеттік жоспарлау министрлігінде сарапшы, бас сарапшы қызметтерін атқарған.

Ал 2015–2019 жылдары Ұлттық экономика министрлігінің салық және кеден саясаты департаментінде салық саясаты басқармасын басқарып, кейін кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау департаменті директорының орынбасары болған.

2019 жылы Премьер-министр кеңсесінің ақпараттық-талдау орталығында жедел талдау секторын басқарған, сондай-ақ жобалық басқару орталығының бас инспекторы қызметін атқарған.

2019–2021 жылдары Сауда және интеграция министрлігінің стратегия департаментіне жетекшілік еткен.

2021 жылғы ақпаннан 2023 жылғы қаңтарға дейін Президент Әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінде қаржы нарықтары секторының меңгерушісі болған.

2023–2025 жылдары Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің аппаратын басқарған.

Президент Іс басқармасының аппарат басшысы қызметіне 2025 жылғы желтоқсанда келген еді.

Войдите, чтобы оставить комментарий