Испаниядағы жағдайдан кейін ЕО елдері шұғыл шешім қабылдауға кірісті

02.08.2026 12:15 Қарақат АСЫЛОВА
Испаниядағы жағдайдан кейін ЕО елдері шұғыл шешім қабылдауға кірісті
194

Еуропалық одаққа қарасты Испанияның Сеута анклавында миграциялық ахуалдың күрт ушығуына байланысты 4 тамызда ЕО-ға мүше елдердің ішкі істер министрлері шұғыл кездесу өткізеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Испания билігінің мәліметінше, соңғы бірнеше күнде Мароккодан Сеутаға 50 мыңнан астам адам жеткен. Шекараны заңсыз кесіп өту әрекеті кезінде кемінде 67 адам көз жұмған. Қаза тапқандардың бір бөлігі суға батып кетсе, енді бірі жағалаудағы қорғаныс құрылыстарының маңында мерт болған.

Қазіргі уақытта негізгі миграциялық ағын тоқтатылған. Шекара қауіпсіздігін күшейту мақсатында жағалау бойына ұзындығы 500 метр болатын қалқымалы бөгет орнатылып жатыр.

Дағдарыс Еуропалық одақ ішінде де пікірталас туғызды. Италия мен Дания Испанияның әрекетіне сын айтып, Италия бір ай мерзімге Испаниямен арадағы Шенген келісімінің қолданылуын уақытша тоқтататынын мәлімдеді. Ал Испания билігі бұл шешімді әділетсіз деп бағалады.

Испания премьер-министрі Педро Санчестің айтуынша, ЕО елдерінің басым бөлігі Мадридті қолдап отыр. Оның сөзінше, әскер жұмылдырылғаннан кейін мигранттардың көпшілігі Мароккоға қайтарылған.

Өз кезегінде Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен заңсыз көші-қон мәселесін шешу үшін Еуропалық одақ елдері бірлесіп әрекет етуі қажет екенін айтты. Франция да Испанияны Шенген аймағынан шығару туралы ұсынысты қолдамайтынын мәлімдеді.

Сеута автономиясының басшысы Хуан Хесус Вивастың айтуынша, жағдай біртіндеп тұрақталып келеді. Соған қарамастан, қала аумағында әлі де бірнеше мың мигрант қалып отырғандықтан, қауіпсіздік шаралары күшейтілген режимде жалғасып жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий