Белградта қаза тапқан Амираның ісінде жаңа деректер жария болды

02.08.2026 10:18 Қарақат АСЫЛОВА
Белградта қаза тапқан Амираның ісінде жаңа деректер жария болды
417
Әлеуметтік желіден

Сербия астанасы Белградта қаза тапқан қазақстандық Амира Қанаттың өліміне қатысты іс қоғамда қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Politico.kz агенттігі Ulysmedia-ға сілтемемен.

Марқұмның туыстары оның қазасы кездейсоқ болмағанына сенімді екенін айтып, жан-жақты әрі әділ тергеу жүргізуді талап етуде. Ал қызбен соңғы күндері бірге тұрған азамат пен оның таныстары оқиғаның өз нұсқасын жариялады.

Сербиялық БАҚ мәліметінше, қайғылы оқиға Белградтағы көпқабатты тұрғын үйде болған. Амира алтыншы қабаттағы пәтердің балконынан құлап, оқиға орнында көз жұмған. Сол сәтте пәтерде Ресей азаматы Влад Даниленко болған. Оның айтуынша, Амира еш себепсіз балконға шығып, қоршаудан асып кеткен.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі бұл оқиғаға қатысты Сербияның құқық қорғау органдарымен бірлесіп мән-жайды анықтап жатқанын, елшілік марқұмның туыстарымен байланыста екенін мәлімдеді.

Алайда Амираның отбасы ресми нұсқаға күмәнмен қарайды. Олар қыздың телефонының бүлінгенін, құрылғыдағы құпиясөздің өзгергенін және кейбір хат-хабарлардың жойылған болуы мүмкін екенін айтып отыр. Сондай-ақ жақындары әлеуметтік желіде жарияланған жеке күнделіктің шынайылығына да сенбейді. Олардың пікірінше, күнделік тергеу материалдарының қатарында болуы тиіс еді.

Өз кезегінде Влад Даниленко пәтерден табылған күнделікте Амираның психологиялық қиындықтары туралы жазбалар болғанын айтып, оның кейбір беттерін әлеуметтік желіде жариялаған. Алайда бұл жазбалардың расында марқұмға тиесілі екені ресми түрде расталған жоқ.

Кейінірек оқиғаға қатысы аталған тағы бір танысы Даниэлла да мәлімдеме жасап, Амираның ұзақ уақыт бойы отбасымен қарым-қатынасы қиын болғанын және эмоционалдық күйзелісті бастан өткергенін жеткізді. Оның сөзінше, қыз бұл жайында өзімен бірнеше рет бөліскен.

Соған қарамастан, марқұмның туыстары бұл мәлімдемелермен келіспейді. Олар барлық дәлел мұқият зерттеліп, тәуелсіз сараптамалар жүргізілуі тиіс деп есептейді.

Қазіргі уақытта Сербияның құқық қорғау органдары оқиғаның барлық ықтимал нұсқасын, соның ішінде жазатайым жағдай, өзіне қол жұмсау немесе қылмыстық әрекет болуы мүмкін деген болжамдарды тексеріп жатыр. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысы әзірге жарияланған жоқ.

Войдите, чтобы оставить комментарий