Каспийде қаза тапқан 20 жастағы Алмас Көбенов ата-анасын асырауды армандаған

29.09.2026 • 12:35 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Каспийде қаза тапқан 20 жастағы Алмас Көбенов ата-анасын асырауды армандаған
461
Фото: Ulysmedia.kz

Алмас ұстазына жақсы мамандық алып, жұмысқа орналасқан соң ата-анасын өзі асырайтынын жиі айтатын. Ақтаудан көлікпен жарты сағаттай жердегі Баянды ауылында тұратын отбасы үшін ұлдарының бұл арманының орны бөлек еді, деп хабарлайды Politico.kz агенттігі Ulysmedia.kz басылымына сілтемемен.

«Ulysmedia.kz» тілшісінің хабарлауынша, Каспийдегі оқу-жаттығуда қаза тапқан 20 жастағы матрос Алмас Көбенов бес баланың ортаншысы болған. Оның екі ағасы, мектепте оқитын екі қарындасы бар. Отбасы құрылысы толық бітпеген, сырты сыланбаған шағын үйін шамасы келгенше жөндеп келген.

Қайғылы оқиғадан аз уақыт бұрын Алмастың анасына ішектің екінші сатыдағы қатерлі ісігі диагнозы қойылған. Әкесі әйеліне күтім жасау үшін сырлаушы жұмысын тастап, үйдің күнкөрісі үлкен ұлдарына қалған. Баласының қазасын естігенде анасы химиотерапияның үшінші курсынан өтіп жүрген. Ұлын жерлеуге қатысу үшін емін тоқтатуға мәжбүр болған.

Отбасы тілшімен сөйлесуден бас тартқан. Басылымның жазуынша, бір күн бұрын келген блогерлер олардың тұрмысын камераға түсіріп, 100 мың теңгені көрсетіп табыстаған. Осыдан кейін туыстары қайғысын жұрт назарынан тыс өткеруді жөн көрген.

Баяндыдағы №3 мектепте Алмасты еске алу бұрышы жасалып, қаралы таспа тағылған суреті қойылған. Оны 5-сыныптан 9-сыныпқа дейін оқытқан сынып жетекшісі Орынгүл Сәбит шәкіртінің ұяң, ақкөңіл болғанын, қиындықтарын ешкімге айтпағанын еске алады. Бағалары үш пен төрт болғанымен, сабақтан қалмайтын, сурет салғанды ұнататын.

Бірде мұғалімі тұрмыс жағдайын білуге үйіне барғанда, Алмас ұялғанынан үстелдің астына тығылып қалған екен. Дегенмен дәптері мен қаламы бар-жоғын сұраса, үнемі «Апай, бәрі бар, менде бәрі бар» деп жауап беретін.

Сыныптасы Жұлдыз Иленова да оның ешкімді ренжітпеуге тырысқанын айтады. Қар атысып ойнағанда біреуді байқамай құлатып алса да, дереу кешірім сұрайтын. Ал отбасының ауыр тұрмысын достарына білдірмеген.

Баянды әкімі Қадырбек Жексенбаевтың айтуынша, несие берешегіне байланысты отбасының банк шоттары бұғатталған. Сондықтан көмектің бір бөлігі қолма-қол беріліп жатыр. Әкімдік Әділет министрлігінің eNotary жүйесі арқылы шот ашуға көмектесіп жатқанын хабарлаған. Оған мемлекеттен, «Рух» қорынан, кәсіпкерлер мен тұрғындардан түсетін қаражат аударылмақ.

Жергілікті билік пен ауыл тұрғындары жерлеуге көмектесіп, шатырлар мен киіз үйлер тіккен. Көңіл айтуға депутаттар мен сол кездегі қорғаныс министрі де келген.

Еске сала кетейік, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында өткен 2026 жылғы «Хазар қорғаны» оқу-жаттығуында «Қайсар» катерінен түсіру кезінде 17 әскери қызметші қатты толқынды ашық теңізге тап болған. Үшеуі аман қалып, Алмасты қоса алғанда 14 адам қаза тапқан. Ресми себеп ретінде ауа райының күрт бұзылғаны айтылған, ал оқиғаның мән-жайын тергеу анықтауға тиіс.

Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі «Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау» және 465-бабы «Кемені жүргізу қағидаларын бұзу» бойынша істер қозғалған. Тергеу катердің жағдайын, дауыл туралы ескертуге қатысты шешімдерді және командирлердің әрекетін тексеріп жатыр.

Қорғаныс министрлігінің бес лауазымды қызметкері ұсталған: Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары әрі штаб бастығы, екі әскери бөлім командирі, теңіз жаяу әскері ротасының командирі және катер командирі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дәурен Қосановты қорғаныс министрі қызметінен босатқан.

Қаза тапқан әскери қызметшілерге қайтыс болғаннан кейін «Айбын» ордендері берілген. Олардың арасында ата-анасына тірек болуды армандаған Алмас та бар.

Войдите, чтобы оставить комментарий