«Судан қорқатыныңды біле тұра, неге секірдің?»: Каспийде қаза тапқан офицердің досы желіде жазба жариялады

29.09.2026 • 11:35 Мөлдір ҚАЙНАР
«Судан қорқатыныңды біле тұра, неге секірдің?»: Каспийде қаза тапқан офицердің досы желіде жазба жариялады
292
Фото: Instagram/tanirbergeenn

Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде мезгілсіз көз жұмған әскери қызметші Олжас Мұхтарұлының бала күнгі досы әлеуметтік желіде оған арнап жүрек сыздатқан қаралы жазба қалдырды, деп хабарлайды Politico.kz.

Қатар жүрген серігінен айырылған досы марқұмның қайсарлығы мен адалдығын еске алып, оның арада жоқ екеніне әлі де сене алмай отырғанын жеткізді:

«Темірдей мінезді, ақжарқын, қайсар, намысшыл досым, жаным бауырым. Асқақтаған арманың мен мақсаттарың көп еді. Судан қорқатыныңды біле тұра, неге намысқа беріліп секірдің, досым? Сенің енді арамызда жоқ екеніңе әлі де сенгім келмейді. Неге ерте кеттің, бауырым? Айтылмай қалған сөздеріміз, жолыққанда бірге жасаймыз деген жоспарларымыз қалды. Сен мен үшін жай ғана дос емес едің. Бірге қиыншылық көрген, бір нанды бөлісіп жеген, талай сыр шертіп сөйлескен кездерімнің бір бөлшегісің. Сенің орның мен үшін әрдайым бөлек, бауырым. Жылдар бойы оқып, қызыл дипломға бітіріп, бірден аға лейтенант шеніңді алып, армандарыңа нық қадам басып келе жаттың, досым. Неге сен өмірден ерте айырылдың? Сенің елге деген жанашырлығың, ұлтыңды арыңнан биік қоятының барлығына үлгі еді. Еліңе адал қызмет еттің, өз міндетіңді абыроймен атқардың, досым. Сен менің мәңгі жүрегімдесің», – деп жазды ол.

Сондай-ақ марқұмның досы бақилық болған аға лейтенант Олжас Мұхтарұлының жарқын бейнесі жадында мәңгі сақталатынын айтып, оған ақтық лебізін білдірді:

«Жатқан жерің жайлы болсын, бауырым. Еліңе еткен қызметіңді, адамға жасаған жақсылығыңды Алла қабыл етсін. Сен мен үшін әрқашан бауыр, нағыз дос, үлгі тұтар офицер, жақсы адам болып қаласың. Қош бол, бауырым… Сенің есіміңді ешқашан ұмытпаймын… Сені әрдайым сағынамын… Жаның жәннатта болсын», – деп түйіндеді.

Желі қолданушыларының қабырғасын қайыстырған бұл жазба көпшіліктің көзіне жас алғызып, оқырмандар қайғылы оқиғадан қаза тапқан сарбаздар мен офицерлердің жақындарына қайғырып көңіл айтуда.

Войдите, чтобы оставить комментарий