«Үнсіз қалмау керек»: Жан Мұқанов шоу-бизнестегі есірткі дерті туралы ашық айтты
Белгілі отандық продюсер Жан Мұқанов қазақстандық шоу-бизнесте синтетикалық есірткіге тәуелділік белең алып бара жатқанын айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды Politico.kz Sn.kz ақпарат агенттігіне сілтеп.
Өнер саласында ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқан продюсер соңғы уақытта бұл мәселенің қауіпті шекке жеткенін жасырмады. Оның сөзінше, қазіргі басты қатер — арақ-шарап емес, жастар мен әртістер арасында өте жылдам тарап жатқан синтетикалық заттар.
«Мен қазір тіпті алкоголь туралы айтып отырған жоқпын. Синтетикалық есірткінің – мефедрон, "кристалл", стимуляторлардың қаншалықты жылдам таралып жатқаны мені әлдеқайда қатты алаңдатады», – деп жазды ол.
Продюсер есірткіге әуестікті тек бір адамның жеке таңдауы немесе ішкі мәселесі деп жылы жауып қоюға болмайтынын қатаң ескертті. Өйткені бір өнер иесінің кесірінен оның айналасындағы тұтас команданың, ондаған адамның тағдыры тәлкекке түседі. Біреулер оны сатушымен байланыс орнатса, енді бірі жеткізумен айналысып, үшіншілері оның салдарымен күресуге мәжбүр болады.
Мұқанов нақты есімдерді атап өтпегенімен, оғаш мінез-құлық пен жауапсыздықтың астарында көбіне осы дерт тұрғанын ашық білдірді.
«Егер әртістің айналасында үнемі сәтсіздіктер, жоғалып кету, оғаш мінез-құлық, орындалмаған міндеттемелер болса, содан-ақ түсіне беріңіздер. Есірткі – мамандықтың бір бөлігі емес. Таланттың да, табыстың да бір бөлігі емес. Егер оның тәуелділігінен өзгелер зардап шегетін болса, бұл енді "әртістің жеке мәселесі" емес», – деді продюсер әріптестерін үнсіз қалмауға үндеп.
Еске сала кетейік, бұған дейін Жан Мұқанов әнші Төреғали Төреәлімен әріптестігін үзгенін мәлімдеген болатын. Оған әншінің Павлодар қаласындағы ипподром ашылуына келмей қалып, келісімді бұзуы себеп болған. Сол оқиғадан кейін орындаушының бірқатар жеке концерттері мен гастрольдік турлары кейінге қалдырылған еді.
Соңғы жаңалықтар