Каспийде қаза тапқан БҚО-лық сарбаздардың фотосы тарады

25.09.2026 • 11:04 Мөлдір ҚАЙНАР
Каспийде қаза тапқан БҚО-лық сарбаздардың фотосы тарады
484
Фото: nur.kz

Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу барысында Каспий теңізіне ағып кетіп мерт болған сарбаздардың қатарында Батыс Қазақстан облысының үш тұрғыны бар екені анықталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Марқұмдардың бірі — Бөрлі ауданы, Ақсай қаласының тумасы, ҚР Қарулы күштерінің мерзімді сарбазы Жеңіс Темірғалиев.

«Жеңіс Тілеушеұлы ел алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанып, Отан қорғау жолында мерт болды. Оның мезгілсіз қазасы отбасы мен жақындарына ғана емес, бүкіл ауданға, күллі жерлестеріне ауыр соққы әрі орны толмас қаза болды», — деп жазды Бөрлі ауданының әкімдігі.

Қаза тапқандардың тағы бірі — Казталов ауданы Қараоба ауылының тумасы, мерзімді әскери қызметтегі матрос Ақжайық Гилаж. Аудан әкімдігі қасиетті борышын орындау кезінде өмірі қиылған боздақтың туған-туыстарына қайғырып көңіл айтты.

Үшінші марқұм — Бәйтерек ауданының тұрғыны Өмірбек Өмірзақ екені белгілі болды. Жергілікті билік өкілдері оқу-жауынгерлік тапсырманы атқару кезінде қаһармандықпен қаза тапқан сарбаздың отбасына қайғыларына ортақтасып көңіл білдірді.

Еске сала кетейік, Каспий теңізінде ауа райының күрт нашарлауы салдарынан 17 әскери қызметшіні ағыс алып кеткен болатын. Құтқару шаралары барысында 3 адам аман қалып, 12 әскеридің мәйіті судан шығарылды, ал қалған екі адамды іздестіру жұмыстары әлі де жүріп жатыр.

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабымен іс қозғалып, 30-дан астам әскери қызметшіден жауап алынды, сондай-ақ іс бойынша күдіктілер анықталды. Бүгін елімізде осы қайғылы оқиғаға байланысты Жалпыұлттық аза тұту күні өтіп жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий