Каспийдегі қайғылы оқиға: Үкіметтік комиссия Маңғыстауға жетті
Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты Маңғыстау облысына Үкіметтік комиссия келді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы өңір әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Комиссияға Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жетекшілік етіп отыр. Оның құрамына Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ Бас әскери прокурор Дастан Секенов пен Шекара қызметінің өкілдері кірді.
Комиссия мүшелері оқиға орнындағы қазіргі жағдаймен танысып, төтенше жағдайдың салдарын жою бойынша алдағы шараларды айқындайды.
Сонымен қатар қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына қажетті көмек көрсетуге, қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтауға және мемлекеттік органдар мен тиісті қызметтердің жұмысын үйлестіруге ерекше көңіл бөлінбек.
Үкіметтік комиссия жұмысты Маңғыстау облысында жалғастырып жатыр.
Өңір әкімдігі Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза болған әскери қызметшілердің ата-аналары мен жақындарына көңіл айтты.
Соңғы жаңалықтар