"Келін ерте тұруы керек деген жоқ": Айнұр Тұрсынбаевамен келінімен қарым-қатынасы туралы айтты

Белгілі айтыскер әрі коуч Айнұр Тұрсынбаева ұлы Беклан және келіні Мадинамен бірге журналист Ләйлә Сұлтанқызына берген сұхбатында отбасы ішіндегі қарым-қатынас жайлы ашық әңгіме өрбітті, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Ақын өз сөзінде отбасында қатаң тәртіп пен талаптың жоқ екенін, әрбір мүшенің еркіндік пен жеке кеңістікке ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, «сен міндеттісің» деген қағида бұл шаңырақта қолданылмайды. Әркім өз шешімін өзі қабылдап, өз өміріне өзі жауап береді.
Айнұр Тұрсынбаева қызы Айдана мен ұлы Бекланның жеке өміріне араласпағанын айтып, олардың таңдауларына құрметпен қарайтынын жеткізді. Ол ұлымен тіл табысу оңай еместігін де жасырмады. Себебі Беклан – перфекционист, ал өзі керісінше, жоспарсыз өмір сүретін, еркін жан екенін тілге тиек етті. Қонақ көп келетін ашық үйдің иесі ретінде Айнұр ханым келініне де еркіндік беруді жөн көретінін айтып, оған ешқашан қысым жасамағанын жеткізді.
Келіні Мадина жайлы бұрыннан жақсы пікірде болған Айнұр Тұрсынбаева ұлының таңдауына риза екенін жасырмады. Келінінің ата-анасы да өзі армандағандай таза, тәрбиелі адамдар болып шыққанын айтты. Сонымен қатар, келініне: «Түнде мен келе жатыр деп уайымдама, сенде де еркіндік болуы керек», – деп жиі айтатынын бөлісті. Ұлының үйіне барарда тіпті тамақты сырттан ішіп алатынын, келінге дәстүрлі түрде шай қою, ерте тұру секілді талаптар қоймайтынын да нақтылады. Бұл сұхбат көпшілікке қазіргі заманғы отбасылық құндылықтар мен түсіністіктің жарқын үлгісі ретінде әсер етті.
Соңғы жаңалықтар





